Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атануы мүмкін бе
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та әйелдер арасында өтіп жатқан Цинциннати WTA 1000 турнирінде күтпеген нәтиже тіркелді.
«Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін чемпионы, әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко төртінші айналымда рейтингіде 35-орындағы чехиялық, 20 жастағы Сара Бейлектен жеңіліп қалды — 6:7 (7:9), 4:6.
Осылайша, А.Соболенко өткен жылғы ұпайын қорғай алмады. Ол 2025 жылы Цинциннатиде ширек финалға дейін жетіп, Елена Рыбакинаға жол берген еді. Ал қазақстандық теннисші жартылай финалда Польша өкілі Ига Швентектен аса алмаған болатын.
Қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде А.Соболенконың еншісінде 8 575 ұпай бар. Ұпай айырмашылығын қысқартқан Е.Рыбакинаның көрсеткіші — 8 141.
Егер Цинциннатиде қазақстандық теннисші финалға дейін жететін болса, онда әлемдік рейтингіде көш бастайды.
Алайда бұл Елена Рыбакинаға оңайға түспейді. Ол ширек финалда әлемнің 5-ракеткасы, поляк қызы, «Үлкен дулыға» турнирінің бес дүркін чемпионы Ига Швентекпен сынға түседі. Бұл матч 21 тамыз күнгі Қазақстан уақытымен таңғы сағат 04.00-ге белгіленген.
Күні бүгін психологиялық басымдық И.Швентекте деуге болады. Өйткені бір апта бұрын Торонто (Канада) WTA 1000 жарысының финалында поляк теннисшісі аса бір қарсылық көрмей, 6:2, 6:3 есебімен жеңді. Сөйтіп өзара кездесулерде 7:6 есебімен алға шықты.
И.Швентектен өткен жағдайда Е.Рыбакинаға америкалықтар, әлемнің 3-ракеткасы Джессика Пегула мен рейтингіде үздік ондыққа кіретін Аманда Анисимованың біреуі тап келеді. Бұлар да оңай шағылатын жаңғақ емес.
Егер Е.Рыбакина Цинциннати додасының қорытындысымен көздеген нәтижесіне қол жеткізе алмаса, онда 30 тамыз — 13 қыркүйек аралығында өтетін АҚШ ашық чемпионатын күтуге тура келеді. Е.Рыбакина өткен жылы төртінші айналымда тоқтаса, А.Соболенко чемпиондық атағын қорғауы тиіс.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Цинциннати мастерс турнирінде Елена Рыбакинаның ширек финалда Ига Швентекпен ойнайтынын жазған едік.