Елена Рыбакинаның Лондон турниріндегі қарсыласы анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 27-ракеткасы Юлия Путинцева Лондон (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінің екінші айналымына шыға алмады. 

Елена Рыбакина
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші корольдік жарыстың алғашқы айналымында қарсыласын ұтқан жағдайда отандасы, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакинамен кездесетін еді.

Алайда Юлия Путинцева дүниежүзілік рейтингіде 164-орында тұрған ұлыбританиялық Хитер Уотсоннан айласын асыра алмады.

Бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте жергілікті спортшы брейк жасай алды – 4:2. Ол сетке доп бергенде, Путинцева брейкке қол жеткізгенімен, іле-шала өз мүмкіндігін мүлт жіберді – 4:6.

Хитер Уотсон екінші сетте 2:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:3.

Бір сағат 22 минутқа созылған бәсекеде Путинцева 3 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Уотсон 3 эйс жасап, 4 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ.

Осылайша, Елена Рыбакина көгал төсенішінде өтіп жатқан Лондон додасының екінші айналымында Х.Уотсонмен шеберлік байқасатын болды.

Бұл турнир, бір жағынан, 30 маусым – 13 шілде аралығында өтетін Уимблдон жарысы қарсаңында дайындық есебінде болмақ.

Елена Рыбакина Уимблдонда 2022 жылы үздік шыққан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің дүниежүзілік рейтингіде ТОП-40-қа жақындағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Рафаэль Надальды ракеткасы рекордтық сомаға сатылды.

Соңғы жаңалықтар