«Елге көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.

Бұл туралы заңгер Нұрсұлтан Орынбеков әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
— Ілияс Сариев алаяқтық бабы бойынша ұсталды, — деп хабарлады ол.
Алматы қаласының Полиция департаментінің ақпаратты растап, қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.
— Алмалы аудандық полиция басқармасында алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жан-жақты және объективті тергеуге бағытталған бірқатар тергеу шарасы жүргізіліп жатыр. Олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады, — деп атап өтті ведомстводан.
Бұған дейін Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталғаны туралы жазған едік.
Сондай- ақ Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырғаны туралы хабарлаған едік. Бұл эпизод бойынша Перизат Қайрат 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырды деп күдіктелуде.
Кейіннен Перизат Қайраттың ісі 100 томнан асқаны мәлім болды.