«Елге көмек» қорының ісі бойынша сот үкімі шықты

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алмалы аудандық сотында «қазақтың Робин Гуды» аталған Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот үкімі шықты.

«Елге көмек» қорының ісі бойынша сот үкімі шықты
Фото: Kazinform

Төрағалық етуші судья Ернар Қасымбеков «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариевті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша кінәлі деп танып, оған 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау заңы қолданылып, жазасының 5/1 бөлігі кешірілді. Түпкілікті жаза — 3 жыл 8 ай.

Сот «MM Travel» туристік компаниясының басшысы Ақтоты Дүйсееваны да осы бап бойынша кінәлі деп таныды. Оған 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушыға Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау заңы қолданылып, жазасының 3/1 бөлігі кешірілді. Түпкілікті жаза — 3 жыл.

Судья ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігі бойынша Ақтоты Дүйсееваның баласы 14 жасқа толғанға дейін, яғни 2028 жылға дейін жазасы кейінге шегеру туралы шешім шығарды.

Сондай-ақ жәбірленушілердің материалдық шығынды өтеу туралы талаптары қанағаттандырылды.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал жәбірленуші тараптың адвокаттары екі айыпталушыны 7 жыл бас бостандығынан айыруды, мүліктерін тәркілеуді және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұрады

Жарыссөзде Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсеева соңғы сөздерін айтты.

Сотта жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалдың сомасы 33,5 миллион теңгеден асқаны айтылды.

Сот барысында судьяның ескертуімен іс бойынша айыптау актісіне толықтыру енгізілді.

Еске салайық, сәуір айында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, ұсталғанын жазғанбыз. Ол өзін «қазақтың Робин Гуды» деп атаған.

Соңғы жаңалықтар