«Елге көмек» қорының соты: айыпталушы мен жәбірленуші арасында дау туындады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алмалы аудандық сотында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев пен «MM Travel» туристік фирмасының басшысы Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысы өтті. 

«Елге көмек» қорының соты: айыпталушы мен жәбірленуші арасында дау туындады
Фото: Kazinform

Екі айыпталушыға Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылып отыр.

Сот отырысында Ілияс Сариевтің адвокаты Ақтоты Дүйсеева тарапынан өз қорғауындағы азаматқа тағылған айып бойынша дәлелдер ұсынуды өтінді. Айтуынша, нақты дәлелдер болған жағдайда ғана оны іске тіркеу қажет. Атап айтқанда, Дүйсееваның Kaspi pay шотынан Сариевтің ақша алғаны туралы анықтамалар мен айыпталушының қаражатты құмар ойынға жұмсағаны туралы дәлелдер беруін өтінді.

Төрағалық етуші судья Ернар Қасымбеков бұл өтінішті ішінара қанағаттандырды. Ол Kaspi Pay және Kaspi Gold шоттарын зерттеу үшін Дүйсееваның телефонын келесі сот отырысына әкелуді тапсырды.

«Елге көмек» қорының соты: айыпталушы мен жәбірленуші арасында дау туындады
Фото: Kazinform

Сондай-ақ бүгінгі сот отырысында Сариевтің ұялы телефоны әкелінді. Алайда құрылғы іске қосылмады. Сондықтан көмекке мұқтаж отбасылардың үйінде айыпталушы түсірген екі видеоны адвокат өз телефонынан көрсетті. Одан бөлек сот отырысында Сариевпен бірге жұмыс істеген мобилографтың бейнеүндеуі көрсетілді. Ол қайырымдылық бойынша бейнежазбалар әлеуметтік желідегі парақшада статистика төмендеп кеткендіктен шықпағанын айтты.

Айыпталушы да судьяның сұрағына жауап бере отырып, өзі көмек үшін ақша алған адамдардың бейнежазбалары желідегі белсенділіктің төмендеуіне байланысты жарияланбағанын айтты.

Бұл мәлімдемеге жәбірленуші Айман Жүргенбаева қарсылық білдірді. Оның айтуынша, айыпталушы бейнежазбаны түсіріп, жариялайтын уақытты әртүрлі себептермен соза берген. Алайда өзінің көмегі үшін қомақты ақша алған.

Сот залында жәбірленуші мен айыпталушы арасындағы әңгіме дауға ұласты. Судья тараптарды тыңдаған соң, отырыста үзіліс жариялады. Сот 6 қараша күні сағат 15:30-да жалғасады.

Бұған дейін сотта жәбірленушілер қажылыққа берген қаражатты қайтаруды талап етті. Сондай-ақ сотта Сариев науқас балалардың отбасынан миллиондар алғаны айтылды.

Сотта айыпталушы Ілияс Сариевтің өзі де жауап берді. Ол өз айыбын ішінара мойындады.

Ал Ақтоты Дүйсеева сот отырысында Ілияс Сариевке айып тақты. Ол «Елге көмек» қорының басшысы құмар ойындарға әуес болғанын айтты.

Еске салайық, сәуір айында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, ұсталғанын жазғанбыз. Ол өзін бірнеше рет «қазақтың Робин Гуды» деп атаған және әлеуметтік желідегі парақшаларында музыкант, концерт пен той ұйымдастырушы екені көрсетілген.

Соңғы жаңалықтар