«Елге көмек» қорының соты: «қазақтың Робин Гуды» соңғы сөзін айтты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алмалы аудандық сотында Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысында жарыссөз өтті.
«Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Сариев пен «MM Travel» туристік компаниясының басшысы Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылған.
Өткен аптада мемлекеттік айыптаушы Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал жәбірленуші тараптың адвокаттары екі айыпталушыны 7 жыл бас бостандығынан айыруды, мүліктерін тәркілеуді және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруды өтінді.
Бүгінгі жарыссөзде сотталушы Ілияс Сариев соңғы сөзін айтты. Ол іс бойынша 26 эпизодтың 20-сына қатысы жоқ екенін атап өтті.

— Қалған 6 эпизодты соттың басынан-ақ мойындадым. Ол адамдардан ақша алдым. Бірақ бейнежазбаларын түсіріп, тек салынбай қалғанын көрсеттік. Өз ісімді алаяқтық деп ойламаймын. Ал «MM Travel» туристік компаниясының ақшасы маған аударылмады, қатысым жоқ, — деді ол.
Сондай-ақ Ілияс Сариев істі тергеу барысында қателіктер болғанын айтты. Айтуынша, тергеуші екі бөлек істі біріктіріп жіберген.
— Бұл — тергеуші қателігі. Ал прокурор не үшін 6 жыл сұрағанын түсінбей отырмын. Нақты дәлел келтірген жоқ. Құжат жүзінде біз дәлелдерді көрсеттік. Соттан мені ақтауыңызды сұраймын, — деді сотталушы.
Ілияс Сариев соттан кәмелетке толмаған 5 баласы бар екенін ескеруді сұрады.
Оның адвокаты Эльнура Кішкенебаева өз қорғауындағы азаматтың ісінде қылмыстық құрам жоқ екенін және азаматтық сипатта екенін айтты. Сонымен қатар қорғаушы 20 эпизод бойынша айыптауды алып тастауды сұрады. Ал қалған 6 эпизод бойынша жәбірленушілердің үшеуіне қаражат қайтарылып, оның екеуі кешірім бергенін атап өтті.
— Ілияс Сариев халық арасында «Робин Гуд» деген бейресми атқа ие болған. Яғни, өзгелерге көмек беруді өмірлік мақсат еткен тұлға, — деді адвокат.

Жарыссөз кезінде екінші сотталушы Ақтоты Дүйсеева өз кінәсін мойындады.
— «MM Travel» компаниясы жұмыс істеген уақыт ішінде 2 мыңға жуық адам қажылыққа барды. Менің арам ойым болған жоқ, барлық жәбірленушілерден кешірім сұраймын. Өзіме тағылған айыпты мойындаймын. Соттан ауыр жаза тағайындамауыңызды сұраймын. ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабымен жазаны кейінге шегеруді сұраймын, — деді сотталушы.
Ақтоты Дүйсееваның қорғаушысы жеңілдететін мән-жайлар ретінде қылмыстың бірінші рет жасалғанын, кәмелетке толмаған баласы болуын, сот отырысында кінәсін мойындап, оған өкініш білдіруін ескеруді сұрады.
Бұған дейін сотта айыпталушы Ілияс Сариев жауап берді. Ол өз айыбын ішінара мойындады.
Ал Ақтоты Дүйсеева сот отырысында Ілияс Сариевке айып тақты. Ол «Елге көмек» қорының басшысы құмар ойындарға әуес болғанын айтты.
Жалпы жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 33,5 миллион теңгеден асқан.
Сот барысында судьяның ескертуімен іс бойынша айыптау актісіне толықтыру енгізілді.
Еске салайық, сәуір айында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, ұсталғанын жазғанбыз. Ол өзін «қазақтың Робин Гуды» деп атаған.