«Елге көмек» қорының соты: Ілияс Сариевке екінші сотталушы айып тақты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алмалы аудандық сотында аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев пен «MM Travel» туристік фирмасының басшысы Ақтоты Дүйсееваға қатысты кезекті сот отырысы өтті.
Екі айыпталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылып отыр. Бүгін сот отырысында айыпталушы Ақтоты Дүйсееваға сөз берілді. Оның айтуынша, «MM Travel» туристік компаниясын ол Ілияс Сариевпен бірге 2023 жылдың қаңтар айында ашқан.
– Құжат бойынша директор менмін, жеке кәсіпкер ретінде мен тіркелгенмін. Бірақ Сариев екеуміз іс жүзінде тең дәрежеде басшы болдық. Ол өзі айтқандай амбассадор немесе жарнама менеджері болған жоқ, компанияны толықтай басқарды. Біз қажылық турларын ұйымдастырумен айналыстық. Осы уақыт ішінде шамамен 2 мың адам біздің фирма арқылы қажылыққа барды, – деді айыпталушы.
Ақтоты Дүйсееваның сөзіне сүйенсек, қаржы жағынан қиындықтар 2024 жылы басталған. Өйткені компания шоттарынан ірі көлемде ақша шешілген.
– Адамдардың ақшасы компанияның Kaspi Pay шотына түсіп отырды. Бірақ Сариев банк қосымшасы арқылы оларды менің жеке Kaspi Gold шотыма аударатын және бұл шотты ол да қолданатын. Сариев үлкен сомалар шешіп алды, соның салдарынан қаржылай қиындықтар пайда болды. Сапарлардың тоқтап қалмауы үшін мен бір клиенттердің жол ақысын басқа клиенттердің ақшасымен төлеп отырдым. Мысалы, наурыздың басында қажылыққа аттанған топтың шығыны ай ортасында жолға шығатындардың төлемдері есебінен жабылды, – деді Ақтоты Дүйсеева.
Ақтоты Дүйсеева өз сөзінде Ілияс Сариев алған ақшаны қайтармағанын, соның салдарынан турфирма жұмысы тоқтағанын атап өтті. Прокурордың «Сариев ақшаны қайда жұмсағанын білдіңіз бе?» деген сұрағына Дүйсеева компания қаражатының құмар ойындарға кеткенін мәлімдеді.
– Ол компанияның ақшасына бәс тіккенін кейін білдім. Мұны дер кезінде байқамадым, өйткені біз сапар алдында қонақүйлерді алдын ала брондап, әуе билеттерін сатып алып, визаларды рәсімдеп жүрдік. Компанияда бухгалтер болмағандықтан, барлық қаржылай жұмыстарды өзіміз жүргіздік. Оның бәс тіккені – ақша аударымдары мен төлемдер тарихынан көрініп тұр. Ол мұны мойындады және ақшаны қайтаруға уақыт беруді өтінді. Мен Сариевті 2018 жылдан білемін, дос болдық. Бұрын ол құмар ойындарға әуес болғанын айтқан, бірақ қойғанын айтып сендірген еді, – деді айыпталушы.
Ақтоты Дүйсеева қажылыққа сапар алған адамдардың бірімен есеп айырысқанын айтты. Бірақ турфирмаға жүгінген тағы 19 адамның арыз-талабы бар.
– Мен кінәмді ішінара мойындаймын. Барлық ақша компания шотына түсті, бірақ олар Сариевтің қолында болды. Залалдың толық сомасы соның мойнында, – деді ол сотта.
Бұған дейін сотта мемлекеттік айыптаушы қылмыстық іс бойынша айыптау актісін оқыды.
Кейін жәбірленушілер қажылыққа берген қаражатты қайтаруды талап етті.
Сотта айыпталушы Ілияс Сариев өзі де жауап берді. Ол өз айыбын ішінара мойындады.
Еске салайық, сәуір айында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, ұсталғанын жазғанбыз. Ол өзін бірнеше рет «қазақтың Робин Гуды» деп атаған және әлеуметтік желідегі парақшаларында музыкант, концерт пен той ұйымдастырушы екені көрсетілген.