«Елге көмек» қорының соты: прокурор Сариевке 6 жыл жаза сұрады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алмалы аудандық сотында Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысында жарыссөз өтті.
«Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Сариев пен «MM Travel» туристік компаниясының басшысы Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылған.
Жарыссөзде прокурор айыпталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары арқылы толық дәлелденгенін мәлімдеді. Мемлекеттік айыптаушы Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Сондай-ақ прокурор жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздарын қанағаттандыруды және ҚР ҚК-нің 98-бабы негізінде жәбірленушілерге 20 АЕК көлемінде мәжбүрлі төлем тағайындауды сұрады.
Ал жәбірленуші тараптың адвокаттары Жандос Палманов пен Асылбек Абдрайымов Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі бойынша ең жоғары жаза - 7 жыл бас бостандығынан айыруды, мүліктерін тәркілеуді және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұрады.
- Қайырымдылықты қылмысқа айналдыру рухани тұрғыдан ең ауыр соққы. Сондықтан әділет үстемдік құрғанда ғана, заңға деген сенім күшейеді, - деді Асылбек Абдрайымов.
Бұған дейін сотта жәбірленушілер қажылыққа берген қаражатты қайтаруды талап етті.
Тағы бірнеше жәбірленуші Сариев науқас балалардың отбасынан миллиондар алғанын айтты.
Жалпы жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 33,5 миллион теңгеден асқан.
Сотта айыпталушы Ілияс Сариев өзі де жауап берді. Ол өз айыбын ішінара мойындады.
Ал Ақтоты Дүйсеева сот отырысында Ілияс Сариевке айып тақты. Ол «Елге көмек» қорының басшысы құмар ойындарға әуес болғанын айтты.
Сот барысында судьяның ескертуімен іс бойынша айыптау актісіне толықтыру енгізілді.
Еске салайық, сәуір айында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, ұсталғанын жазғанбыз. Ол өзін «қазақтың Робин Гуды» деп атаған.