Еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету міндетін абыроймен атқарып шығуы тиіс - ғалымның пікірі
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Темеш Шоқабасовтың ҚазАқпарат тілшісіне мәлім еткеніндей, Қазақстанға төрағалық міндетінің жүктелуі - ел мәртебесінің өсуі. Бұл, біріншіден, еліміздегі экономикалық және саяси үдерімдердің оңтайлы жүруімен тікелей байланысты. Әлемдік дағдарыс талайдың қалпағын қисайтқанымен, Қазақстанды әзірге ойсыратып кете қойған жоқ.
«Тап қазір өзге ТМД елдерімен салыстырғанда, біздегі экономикалық өсім жоғары. Әлеуметтік дүмпулер байқалар емес. Екінші бір айтар мәселе - Қазақстан дүниежүзінде сан тарапты саясат ұстанып отыр. Мәселен, қазір бір-біріне өш Иран мен АҚШ-қа бірдей қарайды. Алдыңғысын тату көрші ретінде бағаласа, соңғысын әлемдегі ең ықпалды, алпауыт ел тұрғысында құрмет тұтады. Нәтижесінде АҚШ та, Иран да мемлекетімізбен қалыпты қарым-қатынас жасап отыр әрі соған мүдделі. Көршіміз Ресей де Қазақстанның бұл ұстанымын жоғары бағалайды. Әрине, Отанымыздың ішінде де, сыртта да мысықтілеулілер жеткілікті. Оппозиция да оңды-солды сынап жатады. Бірақ «Ит үреді, керуен көшеді» деген, ондайлардың байбаламына қарамастан, Қазақстан өзінің төрағалық міндетін талапқа сай атқаруы керек. Солай боларына да сенемін», деді ғалым.