Еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық міндетін абыроймен атқаратынына сенімдімін - Мәжіліс депутаты Г. Сейітмағамбетова

sp;АСТАНА. Желтоқсанның 25-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бұйырса, 2009 жыл да аяқталып қалды. Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнар Сейітмағамбетова Қазақстанның жүріп өткен жолы, қол жеткізген табыстары мен болашағы, ел тәуелсіздігін асқақтату турасындағы ойларымен бөлісті.
None
None

- Гүлнар Сүлейменқызы, Жер бетіндегі барлық халық азаттықты аңсайды. Әр ел өз тәуелсіздігіне әрқалай жетеді. Азаттық алғанының 200 жылдығын тойлап жатқан елдер де бар. Жуырда ғана біздің тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 18 жыл толды. Осы жөнінде өз ойларыңызды ортаға салсаңыз.

- Тәуелсіздік - қасиетті де ардақты ұғым. Халқымыздың тарихы тереңде жатыр. Ғұн, Сақ дәуірінде, кейін қыпшақ болып тұрған кезімізде, Керей мен Жәнібектің қазақ хандығын құрғаннан бергі кезеңде талай тарихи оқиғалар өтті. Қазақ халқы қаншама шапқыншылықтарды бастан кешірді?! Соңғы екі жарым ғасыр уақыт Ресейдің қол астында болдық. 70 жылдан астам Кеңес одағының құрамындағы республика болып саналдық.

1991 жылы 16 желтоқсан Қазақстан тарихындағы алтын әріптермен мәңгілікке жазылып қалған ерекше күн. Кейбіреулер тәуелсіздікті соғыссыз, оп-оңай келе салды деп қадірін дұрыс ұғынбауы мүмкін. Бұл - ата-бабаларымыздың аңсаған асыл арманы, алаш ардақтыларының көксеген мақсаты, көрген азабы. Арыстарымыз Түркістан мемлекетін, Алаш мемлекетін құруды армандады. Бәрінің де аңсағаны - тәуелсіз ел құру, халықтың салт-дәстүрін сақтау, әлемдік қауымдастыққа тең құқылы ел ретінде кіру. Сол арқылы жас ұлтымыздың болашағын жасау, өнегелі ұрпақ қалыптастыру мақсатын көздеді.

Алғашқы кезде қиындықтар өте көп болды. Халық бір қоғамдық жүйеден екіншісіне ауысуға дайын емес еді.

- Барлық  салаларда реформалар жүргізіле бастады...

- Иә, барлық сала бойынша күрделі реформалау кезеңі басталды. Мәселен, біздегідей жекешелендіру реформасы басқа одақтас республикаларда жүргізілген жоқ. Бізде жедел іске асырылды. Тіпті Ресей де ондай реформа жасаған жоқ. Айталық, Өзбекстан біздегідей тез жасай алмағандықтан, экономикасы дамып кете алмай жатыр.

Біздің елде де жекешелендіру тез жүрмей жатқан соң, 1993 жылы Президенттің «Жаппай жекешелендіру туралы» Жарлығы шықты. Содан бастап елде жекешелендіру реформасы жедел қарқын алды. Мемлекет қаржысына салмақ салып тұрған, шығыны көп кәсіпорындар осы жекешелендіру заңына сәйкес аукциондар, тендерлер арқылы сатыла бастады. Соның нәтижесінде елде жеке меншік иелері пайда болды. Бүгінгі таңда өзінің кәсіпорыны, сауда орталығы, шағын және үлкен өндіріс орындарын иемденіп отырған азаматтар қаншама?! Олар Үкіметке алақан жаймайды, көп адамды жұмыспен қамтып отыр. Қомақты көлемде салық төлеу арқылы мемлекет пен халыққа үлкен пайда әкелуде. Ал шығарған сапалы өнімімен тұтынушылардың сұранысын жан-жақты қанағаттандыруда. Яғни, осы тұрғыдан алғанда жекешелендіру реформасы өзін ақтап қана қоймай, нәтижелі жемісін берді.

Ел байлығының бірі - мәдени құндылықтарымызға да ерекше көңіл бөлінуде. «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Барлық тарихи ескерткіштеріміздің тізімі жасалып, меншік иелері анықталды. Олардың өкілеттігі мен міндеттері заң жүзінде белгіленді.

- Кейбір дамыған елдерде шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасының 70-80 пайыз үлесіне тең екен. Бізде жүргізілген реформаның арқасында біраз деңгейге жетті. Осы саланы әлі де дамытудың жолдары қандай?

- Әрине, әлі де дамыту қажет. Елдегі кәсіпорындарды жекешелендіріп болдық. Бірақ салық төлеу саласында, тексеру ісінде кедергілер бар. «Көлеңкелі экономикаға» қызмет етушілер кездесіп отыр. Сыбайлас жемқорлық әрекеттері орын алып жатыр. Соның бәрін заңмен, жүйелі жұмыспен, парасатты, саналы көзқараспен ретке келтіруіміз керек. Өйткені бірқатар дәулетті елдерді шағын және орта кәсіп иелері байытып отыр.

Банкротқа ұшыраған кәсіпорындарды сату процесі жүзеге асырылды. Кейде заңның осы тұсын пайдаланушылар да болды. Айталық, жақсы жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды әдейі банкротқа ұшыратып, қаражатын басшылары бөліп алған оқиғалар да кездесті. Соған орай заңдарға өзгерістер енгізіліп, жалған банкроттыққа жол бермеу туралы түзетулер қабылданды. Өркениетті елдерден тәжірибе алып, жөнсіз әрекеттерге жол бермеу үшін заңдар күшейтіле түсуде. Әлі де заңдарымыз жетілдіре беруді қажет етеді. Өйткені қоғам үнемі даму үстінде. Ағысы бар өзеннің суы да таза болады. Өмірдің нәрі де, сәні де таза суда, өзіндік дамуы бар қоғамда болатыны сөзсіз.

Тұрғын үй-коммуналдық саладағы жекешелендіру халыққа ауыр тиді. Бірақ тез жүзеге асты. Сондай реформаны іске асыра алмай, халықты әуре-сарсаңға салып қойған елдер де бар. Бізде де бастапқыда купон бойынша сату жүйесі дұрыс іске аспады, кемшіліктері көп болды. Сол секілді аграрлық саланы жекешелендіруде де олқылықтар орын алды деп есептеймін. Өңірлердің табиғи жағдайына мән берілмей, сараптама жасалмай, ауыл шарушылығы саласында жалпылама жасалған реформалардың кемшілігі көп болды. Қолайсыз климаттық жағдайы бар өңірлерде ұсақ қожалықтарға жеке-жеке бөліп жібермей, ұжымдық шаруашылықтарды қалдыру қажет екені бүгінгі таңда анық сезіліп отыр. Осындай кемшіліктерді заңдарға өзгерістер енгізу арқылы түзеп жатырмыз. Қазір ауыл шаруашылығы саласында қайтадан өндірісті ірілендіруге, малды асылдандыруға бағыт ұсталып отыр.

Тәуелсіздікті алған кезден бастап мемлекеттік шекарамызды толыққанды нығайтуды қолға алдық. Бұл да оңай іс емес. Жер көлемі өте ауқымды. Барлық көршілес елдермен жоғары деңгейде жасасқан келісімдердің нәтижесінде 2006 жылы мемлекеттік шекараларымызды бекіту процесін толық аяқтадық. Қазір емін-еркін, кеудемізді керіп, кең тыныс ала аламыз. Өйткені шекарасы мығым елдің қауіпсіздігі де толық қамтылады. Барлық елдермен тату көршілікті мақсат тұтқан елміз. Бұрынғы одақтас республикалар арасында шекарасын әлі де бекіте алмай жүрген елдер бар. Оның өзі белгілі бір қиындықтарды тудырады. Елі де, халқы да алаңдаумен күн кешеді.

- Еліміздің халықаралық деңгейдегі рөлі туралы пікіріңізді де білсек деп едік...

- Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, сенатор, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы жуырда ел жайлы толғанып: «Күні кеше ғана бізге сәл нәрседен секем алып қарайтындар бүгін қиыннан жол тапқан қайсар мінезіміз бен тапқырлығымызға еріксіз таңғалуда. Аз жылдары тек өзгеге көзін сатқан солқылдақ шәкірттен енді өз ісіне мығым, қандай шаруаны да қапысыз қолға алып, ойдағыдай іс қылып шығаратын тындырымды әріптеске айналдық. Алдағы жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығымызға кірісеміз. Сөйтіп, талай түртпектен өткен аққаптал Еуропаның өзін сарапшылық өнерімізбен сүйсіндіреміз» деп тамаша ой айтты. Бұл 18 жыл ішіндегі айтарлықтай табыс қой. 2011 жылы Ислам Конференциясына жетекшілік етеміз. Көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесіміз. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы жұмыс істеуде, ЕурАзЭҚ, ТМД, ҰҚШҰ ұйымдары құрылды. Енді міне, 2010 жылы еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етпек. Осынау жауапкершілігі мол міндетті Қазақстан абыроймен атқарып шығатынына сенімдімін.

Мен жуырда Санкт-Петерборда өткен ТМД Парламентаралық Ассамблеясының кезекті сессиясының жұмысына қатысып келдім. Сонда парламентшілер өз сөздерінде бірқатар халықаралық беделі зор ұйымдардың құрылуына бастамашы болған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екенін айтып өтті. Елдің аз жылдың ішінде жинаған беделі жайлы жылы пікірлер айтылды. Мен ЕурАзЭҚ-тың Әлеуметтік саясат жөніндегі комиссиясының мүшесімін. Соның отырысында да Қазақстанның жетістіктері аталды. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті қабылдауымыз жақсы жағынан атап өтілді. Мұндай кодекс ТМД елдерінде жоқ екенін, келесі жолғы отырыста біздің баяндама жасауымызды өтінді. Біз ол ұсынысқа келісім білдірдік. Көлік кодексін қабылдағанымыз жоғары бағаланды. Бұл осындай заңдарды қабылдауда Қазақстанның алда екенін көрсетіп отыр.

- Өнеркәсіп орындары елді ілгері бастырып, экономикасын дамытады. Бұрынғы зауыт, фабрикалардың күні өтті. Қазір жаңа заманауи технологияның жабдықтарымен қамтылған, өзге елдің өнімдерінен артық болмаса, кем емес, сапалы тауар шығара алатын өндіріс орындары ашылуы керек емес пе?

- Иә, қазіргі заман талабы да - осы. Озық технологияға негізделген кәсіпорындар ашылса, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Шығарған өнімдерімізбен «Бұл Қазақстанда жасалған» деп мақтаныш ете алуымыз қажет. Әлемнің көптеген елдеріне барғаныңда алдыңнан жарқырап Қазақстанның тауары шығып тұрса, өзге елдер бағалап, тұтынып отырса, қандай ғанибет! Сондай межеге жету - елдік мұратымыз!

Елбасының индустриялық-инновациялық бағдарламаны қабылдатып, осы бағытта ауқымды істер атқару жөнінде айтып келе жатқаны да сондай нәтижеге жету мақсатынан туындаған. Ол үшін де біз жастарды дайындауымыз керек. «Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық білімге гранттар бөлініп отырғаны да сондықтан. Сол секілді Білім және ғылым министрлігі кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту бағдарламасын қолға алды. Соған сәйкес еліміздің төрт өңірінде кәсіптік оқу орталықтарын ашу көзделген еді. Алайда, бұл жоба қаржы дағдарысының әсерінен әлі жүзеге аса қойған жоқ. Біздің елде әр саланың бесаспап маманы болатын жұмысшылардың өзі жетіспейді. Елдегі бірлескен кәсіпорындарда шетелдің жұмысшылары емес, Қазақстан азаматтары еңбек етуі керек.

- Еліміз астық өндіруді дұрыс жолға қойды, дайын өнімді шығаруда. Ал мұнай мен газды шикізат өнімі түрінде шетелдерге сатып келеміз. Осы жағынан ұтылып отырған жоқпыз ба?

- Мұнай шетелге шығарылуда. Бірақ жанармай өзімізге де жетпей жатыр. Елімізде үш мұнай өңдеу зауыты бар. Депутаттар тағы бірнеше зауыттар салу қажеттігін жиі айтып жүр. Әріптестерімнің бұл пікіріне мен де қосыламын. Яғни, мұнайдан тек қана жанармай алумен шектелетін емес, алуан түрлі, халықтың, өнеркәсіп орындарының тұтынуына қажетті өнімдерді шығара алатын ХХІ ғасырдың зауыттары салынғаны абзал. Бұған әзірге мемлекетіміздің күші жетпей жатқан шығар әрі қаржы дағдарысының ықпалы да аз болған жоқ. Бірақ мұндай келелі жоба алдағы уақыттың еншісінде деп ойлаймын.

Азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда да шешімін табуға тиісті мәселелер бар. Айталық, ет-сүт өнімдерін де тұтынушының қолына дайын өнім ретінде жеткізуіміз керек. Әлі де болса шетелдерден келетін өнімдер аз емес. Импорттық сүт өнімі, құс еттері дүкен сөрелерінде тұр, яғни, Қазақстан азаматтарының дастарқанына жетіп отыр. Оның бәрін өзімізде өндіріп, тіпті шетелге шығаруға да толық мүмкіндігіміз бар. Әлемде ет пен сүтті қажет ететін елдер аз емес. Көптеген балық түрлері де шетелден келеді. Каспий теңізі мен Балқаш көлінен де мол өнім алуымызға толық мүмкіндік бар. Балық өсіретін жасанды көлдер жасауға да болады. Ол үшін сараптамадан өткен, ертеңгі күні нәтижесін беретін бағдарлама керек. Қазір талап қойылды, міндет айқындалды. Мұның бәрі алдағы күннің межелі істері деп білемін. Халқымыз ауызбіршілікте болса, оған да қол жеткізетін кезіміз алыс емес.

- Рақмет әңгімеңізге

Соңғы жаңалықтар