Елімізде 13,5 мыңға жуық ауыл тұрғынына әлеуметтік төлемдер жөнінде кеңес берілді

Ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін аталған ұйымдардың 830 қызметкері жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінен.
Атқарылған жұмыс қорытындысында жүгінген 13 484 азаматтың 8 682-сі түрлі әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу бойынша кеңес алды, 2 542 адамнан деректемелерді өзгерту жөнінде өтініштер қабылданды, 2 260 ауыл тұрғыны зейнетақы және жәрдемақы тағайындауға құжаттарын тапсырды. Ағымдағы жылғы 16 наурыз бен 26 қазан аралығында жұмылдыру топтары еліміздің барлық өңірлерінде 4052 шалғай ауылдық округті қамтып, оларға 7014 рет барды. Зейнетақы және жәрдемақы тағайындау жөніндегі барлық өтініштер бойынша электрондық іс макеттері жасақталып, өкілетті органның қарауына жіберілді. Ағымдағы жылғы 26 қазандағы жағдайы бойынша 2134 өтініш берушіге зейнетақы және жәрдемақы тағайындалды. Зейнеткерлік куәліктер және хабарламалар азаматтарға жұмылдыру топтарының келесі сапарларында жеткізілетін болады. Жұмылдыру топтарының жұмысы пилоттық режімде жылдың соңына дейін созылады. Тұрғылықты жері бойынша қызмет алушыларға қызмет көрсету (құжаттарды қабылдау және шот ашу) мемлекеттік қызметті алу уақытын және шығындарды төмендетуді, қолайлылықты, оңайлатылған тәртіпті қамтамасыз етеді. Еске салайық, ағымдағы жылғы 12 наурызда «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК, «Қазпошта» АҚ және «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК арасында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат «Әлеуметтік еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыруға бағытталған.