11:02, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
Елімізде 2009 жылғы ақпанның 17-сі мен шілденің 1-і аралығында шағын және орта кәсіпкерлік субъектлерін тексеруге мораторий жарияланды
АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елімізде 2009 жылғы ақпанның 17-сі мен шілденің 1-і аралығында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланды.
Мұндай шешім бүгін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыста сөз алған министр Владимир Школьник Индустрия және сауда министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп 2009 жылы шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий енгізу туралы Үкімет қаулысын әзірлегенін атап көрсетті. «Біз бірлесіп ұсынып отырған қаулы жобасының негізгі пунктінде: орталық және жергілікті атқарушы органдарға 2009 жылғы ақпанның 17-сі мен 2009 жылғы шілденің 1-і аралығында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге тыйым салынсын делінген», деді В. Школьник. Оның айтуынша, тексеру жүргізуге салық төлеушілердің өтініштері негіз болып табылатын салықтық тексерулерге, қарсы салық тексерулерге және хронометраждық зерттеулерге, қылмыстардың жолын кесу мақсатында заңнамаға сәйкес жүргізілетін тексерулерге, қоғамдық тәртіпті, адамның құқығы мен бостандығын, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық игілігі, жер қойнауын пайдалану, ветеринария саласындағы заңнамалардың нормаларын бұзуға бағытталған іс-қимылдардың алдын алу үшін жүргізілетін тексерулерге, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының, облыстық маңызы бар қалалардың төңірегінен жер беру мәселесі бойынша тексерулерге мораторийдің күші жүрмейді. «Мораторийді енгізу екі мақсатты көздейді. Біріншісі, уақытша экономикалық қиындықтар кезеңінде шағын және орта бизнесті қолдау. Екіншісі, шағын және орта бизнес субъектілері тексерілмейтін бос уақытта мемлекеттік органдарға тиісті қауымдастықтармен және Атамекен одағымен бірлесіп, кәсіпкерлерді мемлекеттік тексеруді оңтайландыруды аяқтауға мүмкіндік береді», деді В. Школьник.Айта кетейік, шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий енгізу мүмкіндігін қарауды Үкіметке Мемлекет басшысы ақпанның 12-сінде «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырында жүктеген болатын.