Елімізде 2009 жылғы шілденің 1-нен бастап дәрілік заттарды бірыңғай дистрибьютор арқылы бөлудің жаңа жүйесі енгізілетін болады - Ж. Досқалиев

АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елімізде 2009 жылғы шілденің 1-нен бастап дәрілік заттарды бірыңғай дистрибьютор арқылы бөлудің жаңа жүйесі енгізілетін болады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің бүгінгі алқа мәжілісінде министр Жақсылық Досқалиев айтты,

Елімізде 2009 жылғы шілденің 1-нен бастап дәрілік заттарды бірыңғай дистрибьютор арқылы бөлудің жаңа жүйесі енгізілетін болады - Ж. Досқалиев
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, бұл шара дәрі-дәрмектердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларға қол жетімділігін арттыруға, отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытуға, дәрілік препараттардың сатып алынатын бағасын төмендетуге, сондай-ақ дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді жоспарлаудың тиімділігін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ж. Досқалиевтің сөзіне қарағанда, осы жүйе енгізілгеннен кейін дәрі-дәрмектерді сапасына қарай сұрыптау қатаңдайды, дәрілік құралдардың барлық тобы мемлекеттік сарапшылық зертханаларда міндетті түрде сертификацияланады, халықаралық стандарттарға сәйкес, дәрі-дәрмектерді сақтау шарттары сақталады. Бұдан бөлек енгізілетін жүйе бойынша бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында дәрі-дәрмектердің үш айға жететін қоры сақталады және олар еліміздің әр түпкіріндегі тапсырыс берушілерге үздіксіз жеткізілетін болады. Сондай-ақ жүйеге сәйкес, отандық өндірушілерге преференциялар ұсынылып, олармен ұзақмерзімді келісім-шарттар жасалады. Делдалдардың қызметіне тосқауыл қойылады. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесі арқылы ауруханалардағы дәрі-дәрмектердің айналымына мониторинг жасап отырады.