Елімізде 35-36 мыңға жуық адам эпилепсиямен ауырады

Аталмыш халықаралық конференция үшінші рет өткізілуде. Форумда эпилептология саласындағы іргелі ғылым, эпилепсияны диагностикалау, ересектер мен балаларда эпилепсия белгілерін нейрохирургия арқылы емдеу мәселелері талқыланбақ. "Қазіргі уақытта елімізде 35-36 мыңға жуық адам эпилепсиямен ауыратындығы белгілі. Дегенмен, бұл тек мұздақтың бетіндегісі ғана. Бүгінгі таңда эпилепсияның 40-қа жуық түрі бар. Ал олардың көбін адамдардың бойынан табу қиын" - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас эпилептологы Алтынай Елубаева.
Оның айтуынша, эпилепсия проблемасы шешілмейтін түйін емес. Және мемлекет тарапынан неврология және эпилептология саласының дамуына барынша қолдау көрсетіліп келеді. Қазақстан - эпилепсияға шалдыққан науқастарды тегін дәрілік құралдармен толықтай қамтамасыз ететін мемлекеттердің қатарында. Әлем бойынша мұндай мемлекеттер санаулы. Алдағы жылдары еліміздің барлық аймақтарында эпилептологтардың кабинеттерін ашу жоспарлануда.
Іс-шараны ҚР және РФ Денсаулық сақтау министрліктері, Нейрохирургия республикалық орталығы, Н. И. Пирогов атындағы Ресей ұлттық медициналық зерттеу университеті ұйымдастырып отыр.