12:24, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Елімізде аналар өлімі 34 пайызға төмендеді - Денсаулық сақтау министрі
АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Медициналық көмектің дұрыс ұйымдастырылған жағдайында аналар өлімінің басым бөлігінің алдын алуға болады. Бұл туралы бүгін Астанада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өткен Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның басшысы Жақсылық Досқалиев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2007 жылмен салыстырғанда 2008 жылы медициналық-демографиялық ахуал жақсарғаны байқалғанын жеткізген министр, осыған орай объективті бағалау үшін еліміздің нәтижелері ТМД және дамыған бірқатар мемлекеттердің көрсеткіштермен салыстырылғанын атап өтті. Жалпы салыстырмалы кестеге Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Дания, Швеция, Эстония, Молдова, Ресей, Италия, Германия елдері енгізілген.
«Туу бойынша Қазақстан 2 көрсеткішке жоғарылады. Басқа елдерге қарағанда еліміз Қырғызстаннан кейін екінші орында тұр. Сондай-ақ Қазақстанда өлім-жітім көрсеткіштері біртіндеп төмендеуі байқалады. Аталған мемлекеттердің ішінде еліміз бесінші орында тұр. Алайда өмір ұзақтығы бойынша біз ең соңғы орындамыз», - деді министр.
Елімізде аналардың өлімі 34 пайызға төмендегеніне тоқталған Ж. Досқалиев, «медициналық көмектің дұрыс ұйымдастырылған жағдайында аналар өлімінің басым бөлігінің алдын алуға болатын еді. Атап айтқанда, аналар өлімінің 62 пайызы акушерлік көмектің дұрыс ұйымдастырылмауынан орын алды», деді.
Министрдің сөзіне қарағанда, балалар өлімінің көрсеткіші бойынша Қазақстан жоғарыдағы елдердің ішінде Қырғызстаннан кейін екінші орында тұр. Өкінішке қарай, бұнда да өлім себептерінің 32 пайызы медициналық көмекке байланысты болып отыр.
Ж. Досқалиев бұл ахуалды жақсарту үшін, яғни ана мен бала өлімін азайту бағытында республикалық және аймақтық штабтар құрылғанын айтып өтті. Осы орайда атқарылатын тиісті шаралардың басым бағыттары айқындалды.