Елімізде әскери офицерлер қатары толықты
АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе Қорғаныс күштері институтының 167 түлегі ұшқыш, авиациялық-инженер мамандықтары бойынша диплом алып шықты.
Еліміздің Қарулы күштеріне кәсіби кадр дайындайтын институттың бұл - 16-шы түлектері. Институт базасы 1974 жылы ұшқыштар дайындайтын училище болып құрылған еді. Сол кездері 5 мыңнан аса маман даярлап шығарды. Олардың көбі шет мемлекеттер мен ТМД елдерінде еңбек етіп жүр. 2003 жылы училище институт болып қайта құрылды. Жыл санап техникалық базасы нығайтылып, жаңа үлгідегі ұшақтар мен тікұшақтар әкелінді. Өткен жылы су жаңа 8 ұшақ және ұрыс жаттығуларын орындауға арналған «Л-39» ұшағы алынды. 2006 жылдан бастап, келісімшарт бойынша шет мемлекеттерге ұшқыштар дайындайды. Елімізде ұшқыш-инженер мамандығына қызығушы жастардың қатары артып келеді. Биылғы оқу жылында институтқа 500 талапкер құжат тапсырса, олардың 100-і ғана қатаң іріктеуден өтті. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.