Елімізде ажырасқандар саны артып отыр - А. Самақова
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдардағы көрсеткіштер бойынша елімізде ажырасқан отбасылар саны артып отыр. Мәселен, статистика деректеріне сәйкес, Қазақстандағы әрбір төртінші некенің ғұмыры ұзаққа созылмайды екен. Бұдан бөлек, соңғы жылдары бала тәрбиесіне әкелердің араласуы төмендеген, жарты миллионға жуық бала жалғызбасты әйелдердің тәрбиесінде тұрған көрінеді. Ресми некеде тұрмаған тұлғалардың саны да артып, дүниеге келген әрбір бесінші бала некесіз туады екен.
«Бүгінгі күні Қазақстанда көп балалы отбасыға қарағанда бала саны аз отбасылардың үлесі басым болып отыр. Мәселен, бүкіл елдегі отбасылардың тек 6 пайызында ғана балалар саны 4-еу және одан жоғары. Дегенмен, көп балалы санатқа жататын бұндай отбасылардың негізгі бөлігін оралмандар құрайды», деді А. Самақова.
Сонымен бірге, депутат елдегі әлеуметтік жетімдік мәселесіне де назар аудартты. «Әлеуметтік жетімдік, яғни ата-аналары бар «тірі жетімдер» мәселесі де үлкен проблемаға айналып отыр. Бүгінгі күні Қазақстанда бұндай тастанды балалар саны 42,5 мыңды құрайды», деді ол.