Елімізде балалар өлімі айтарлықтай төмендеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014-2015 жылдарға арналған Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша Қазақстанда балалар өлімі көрсеткіші 17 ұстанымға төмендеді. Бұл туралы ҚР ДСӘДМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Елімізде балалар өлімі айтарлықтай төмендеді

Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі (ЖБҚИ) рейтингінде халықтың болжалды өмір сүру ұзақтығы бойынша Қазақстан ұстанымы 4 орынға жақсарып, 103-орыннан 99-ға көтерілді. 2013 жылдың қорытындысында қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 2012 жылмен салыстырғанда 0,84 жылға артып, 70,45 жасты құрады.

Аталған көрсеткішке әсер ететін негізгі факторлар: балалар өлім-жітімі, қан айналымы жүйесі, онкологиялық аурулардан және жарақаттанушылықтан болатын өлім-жітім көрсеткіштері.

Ерте неонатальдық және нәрестелер өлім-жітімін азайту мақсатында ана мен бала денсаулығын қорғау саласында халықаралық стандарттар енгізу, перзентханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда педиатрия және акушерлік бойынша 263 клиникалық хаттама әзірленіп, 62-сі жетілдірілуде. Жергілікті жерлерде, бірінші кезекте ауылдарда емдеу мекемелерін мамандармен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде.

Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі есебінде нәрестелер өлімі коэффициенті қосылғыштардың бірі болып табылады және түрлі елдердегі тұрғындардың өмір сапасын көрсетеді.

Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) мониторингі мемлекеттердің Мыңжылдықтың даму мақсаттарына (МДМ) жеткен жетістіктерін және ЖБҚИ ұлттық статистика негізінде емес, БҰҰ Ведомствоаралық тобының ресми мәліметтері негізінде іске асыратынын айту керек.

Осыған орай МДМ бойынша халықаралық міндеттемелерге жеткен жетістіктерді мониторингілеу жұмысы аясында және 2012 жылдың қорытындысында ЖБҚИ бойында еліміздегі нәрестелер өлімі көрсеткіші ұлттық статистикадан 2 есе артық көрсеткендіктен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің шақыруымен 2013 жылы елімізге БҰҰ Ведомствоаралық тобын келіп, балалар өлімі жағдайына бағалау жасады. Қорытындысында Қазақстанның балалар өлімі көрсеткіштерін төмендету бағытында атқарып жатқан жұмыстарына жоғары баға беріп, балалар өлімі жағдайлары дұрыс және шынайы түрде тіркелетінін растады.

Нәтижесінде халықаралық сарапшылар еліміздегі балалар өліміне қатысты есебін қайта қарап, балалар өлімі көрсеткіші 28-ден 18,7-ге дейін, нәрестелер өлімі көрсеткіші 25-тен 16,7-ге дейін төмендетілді. Әлемнің барлық елдерінде халықаралық көрсеткіштер мен ұлттық статистика арасында біршама айырмашалық болады. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2014-2015 жылдарға арналған Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша Қазақстанда балалар өлімі көрсеткіші 17 ұстанымға төмендеді.

Ал 2014 жылғы есеп бойынша балалар өлімі көрсеткіштері 16,4-ке, нәрестелер өлімі көрсеткіші 14,6-ға дейін төмендеді.

Осылайша, Қазақстан аталған салада Мыңжылдықтың даму көрсеткіштеріне белгіленген мерзімнен бұрын қол жеткізді. Бүкіләлемдік банк бұл жетістіктерді ресми дерекқорына енгізіп, балалар өлімі көрсеткіші бойынша Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстанның ұстанымы елеулі түрде жақсарды.

Қан айналымы жүйесі ауруларынан, онкология және жарақаттанушылықтан болатан өлім-жітім тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын айту керек. Оған 40 инсульттік орталықтың (2020 жылға қарай тағы 30 ашылады) ашылуы, жоғары технологиялық радиациялық онкология орталықтары желісінің дамуы игі әсер етті. Биылғы желтоқсанда Семейдегі өңірлік онкологиялық диспансер базасында Ядролық медицина орталышы ашылады. 2015 жылдың бірінші тоқсанында 5 радиациялық орталық ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта 26 трассалық медициналық-құтқару тіректері қызмет етуде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адам денсаулығына ең алдымен оның өмір сүру салты, тұқым қуалаушылық және қоршаған ортасы әсер етеді.

Осыған орай қажетті іс-шаралар қабылдап, мінез-құлық тәуекел факторларын (темекі шегу, ішікдікті асыра пайдалану, төмен дене белсенділігі, дұрыс емес тамақтану); экологиялық факторлардың денсаулыққа әсерін төмендету; таза ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз ету; ұнды дәрумендік-минералдық кешенмен байыту; репродуктивтік денсаулықты сақтау мәселелері бойынша арнаулы білім беру бағдарламаларын әзірлеу; оларды мектепке дейінгі, орта, жоғары және арнаулы орта білім беру жүйелеріне ықпалдастыру; 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы әрбір бес өлімнің біріне себеп боп отырған балалар жарақаттанушылығын төмендету; денсаулықты сақтау және нығайту, дұрыс тамақтану мәселелері бойынша халықтың хабардарлығын арттыру; тұрғындардың спорт кешендеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету; бұқаралық спортты дамыту; үкіметтік емес ұйымдарды тарту бағытында сектораралық өзара іс-әрекеттестікті арттыру керек.

Бұл іс-шаралардың барлығы әрі қарай да Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингінде көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік береді.