Елімізде бір ай бойы туберкулезбен белсенді күрес шаралары атқарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің барлық өңірлерінде Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күніне орай туберкулездің алдын алу жөніндегі айлық басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Айлық аясында республика бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында бейінді мамандарды шақырту арқылы ашық есік күндерін өткізу, медициналық қызметкерлер үшін туберкулездің алдын алу және ерте диагностикалау жөнінде оқыту семинар-тренингтерін ұйымдастыру, денсаулық мектептерінде иммунитетті нығайту, физикалық белсенділік пен дұрыс тамақтануды насихаттау жұмыстары жалғастырылатын болады»,-деп атап өтілген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінде.

Атап айтқанда, халыққа туберкулезге қарсы көрсетілетін көмектің сапасын әрі қарай жетілдіру үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының туберкулезді жоюдың 2016-2035 жылдарға арналған стратегиясына сәйкес, туберкулезді бақылаудың 2016-2025 жылдарға арналған біріктірілген бақылау үлгісі жасалды. Ол 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі қағидаларымен сәйкестендірілген. ДДСҰ мен Халықаралық туберкулезбен күрес одағының саясатын ұстана отырып, еліміздегі туберкулезбен күрес шаралары алғашқы медициналық-санитариялық көмек желісімен біріктірілді.

Ведомство деректеріне қарағанда, 2016 жылдың қорытындысына сәйкес, туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып отыр. Өткен жылғы мәліметтерге сүйенсек, өлім-жітім көрсеткіші 17,1 пайызға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 3,4 болды (2015 жылы - 4,1 ). Негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштің төмендеуі тұрғындардың барлық жас шамасында байқалады.

Естеріңізге сала кетейік, Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні жыл сайын 24 наурызда аталыпп өтеді.

Соңғы жаңалықтар