Елімізде Көкпардан І Әлем чемпионаты өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көкпар - көшпенді хадықтардың байырғы заманнан бері келе жатқан ғұрыптық ойыны. Бұл ойынның шығу төркіні жайлы зерттеуші Ә. Қалиұлы: «Қазіргі көкпар тарту әуелде әлеуметтік мәні бар әскери машықтың қажетінен туған. Түркі қағандығы кезіндегі «дербес жасақты» осындай жаттығудан өтіп, сыналған жауынгерлерден жасақтаған. Әскери машықтың бұл түрі бейбіт күндерде көкпар тарту ойынына ұласып отырған» дейді.
Этнографтардың айтуынша, «көкпар» сөзінің әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Басқа деректерге сүйінсек, оны "көк бөрте", яғни лақ деп те жатады.
Мал баққан көшпелі халықтар көк бөріні соғып алып, оны ат үстінде жүріп бір-бірінен ала қашып, мәз-мейрам болған. Кейін ол ұлттық ойынға айналыпты-мыс. Көкпар тарту - тек қана қазақтар емес, Орта Азия халықтары арасында да кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз, өзбек тілінде «Улак тартыш», тәжік тілінде «бузкаши» деп аталады екен. Ал Ауғанстандағы «бузавиш» ойыны көкпарға өте ұқсас болса, Аргентина халқының да осы тәрізді ат спорты ойындары бар.
Қазақ қоғамында ежелгі дәстүр бойынша Көкпар ойынына жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Себебі семіз серке терісі жыртылмайды екен. Оның орташа салмағы 70-80 келідей болады. Ал басқа малдың терісі жыртылғыш келеді. Сондықтан оларды Көкпар тарту ойынына қолданбайды.
Ежелден келе жатқан Көкпар ойыны жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығын, сондай-ақ ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар, бұл ұлттық ойын - аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт.
Халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, аса көрнекті жазушы М.Әуезов: «Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ жылдарында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің түсінуімше көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағыналары болған», - деп тегіннен тегін айтпаса керек.
Өз кезегінде Көкпар тарту ойыны «жаппай» және «дода тартыс» болып екі түрге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім Көкпарды өзіне тартып алуға тырысады. Ал дода тартыста екі топ сынға түседі. Олардың құрамы адам саны бойынша бірдей болғаны жөн. Мұны кейде «марта тарту» деп те атайды.
«Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Көкпар» бағдарламасының жүргізушісі, ұлттық дәрежедегі төреші Мұрат Қыдырбай былай деп айтады:
«Көкпарға салынған серке етін қазақ киелі деп санаған. Себебі тартыс кезінде серке бірнеше адамның қолынан өтеді. «Қырықтың бірі - қыдыр» дегендей, сол адамдардың бірінің тілегі қабыл болады деп есептеп, көкпар аяқталғаннан кейін сол серкенің етін сәбилі бола алмай жүрген әйелдерге берген. Содан әйел жүкті болып, қуаныш сыйлайтын көрінеді».
Еліміздің бас қаласы Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу барысында 20-28 тамыз аралығында Көкпардан І Әлем чемпионаты өтеді. Оған әлемнің 15 елінен келетін 150-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде.
Аталған дода елордадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай әзірленген мәдени-туристік және имидждік бірегей жоба - «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақ КСР-де 1949 жылы Көкпар жарысының ережесі бекітілді. Осыған сәйкес Көкпар жарысын арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді. Ал 1958 жылдан бастап, Көкпар ойыны бәйге алаңдарда (ипподромдарда) өткізіліп келеді. Алаң көлемі қатысушылар санына байланысты.