Елімізде қолдан жасалатын медициналық препараттардың көлемі 40 пайызға дейін жетті - Президенттің кеңесшісі Б.Сұлтанов
АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында «Қазақстандағы заңсыз тауар айналымы: себеп-салдары мен қорғау іс-шаралары» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті.
Отырысқа төрағалық еткен ҚР Президентінің кеңесшісі, «Нұр Отан» партиясының Инновациялық комитетінің төрағасы Бақыт Сұлтанов атап көрсеткендей, еліміз егемендік алған соңғы 20 жылдың ішінде республика бойынша мүлікті заңдастырудың екі ауқымды іс-шарасы жүргізілді. Осының нәтижесінде көлеңкелі экономикада 6 млрд. АҚШ доллар көлеміндегі ақша анықталды. Сарапшылардың есебі бойынша 2004 жылы Қазақстандағы ішкі жалпы өнімнің 35 пайызы көлеңкелі экономиканың үлесінде болса, қолға алынған іс-шаралардың нәтижесінде 2008 жылда бұл көрсеткіш 19,5 пайызға дейін төмендеген.
«2009 жылғы сараптама бойынша ішімдік өнімдерінің жасырын айналымы - 80 млрд. теңге, темекі - 30 млрд. теңге, ал фармацевтикалық тауарлар 35 млрд. теңгені құрады. Осы тауарлардың тек үш тобы бойынша ғана республикалық бюджетке жыл сайын 10-15 млрд. теңге түспей жатады. Жасырын өнімдер халықтың денсаулығына да елеулі қауіп төндіруде. Мысалы, антибиотиктер бойынша қолдан жасалатын препараттардың көлемі 40 пайызға дейін жетіп отыр. Ал ауруды басатын дәрі-дәрмектердің үлесі 20 пайызды құрайды», - деп атап көрсетті Б.Сұлтанов.