Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елімізде машина жасауды дамыту саясаты жаңа кезеңге көтерілмек

АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Елімізде машина жасауды дамыту саясаты ішкі нарықтың қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға және қосылған құны жоғары түпкілікті өнім өндірісін ұлғайту есебінен экспортты кеңейтуге бағытталады.

Елімізде машина жасауды дамыту саясаты жаңа кезеңге көтерілмек

Аталған саланы дамытудың жолдары Үкіметтің 2012-2016 жылдар аралығын қамтитын еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жоспарындаберілген.

Алға қойылған мақсаттар Қазақстан Республикасында машина жасауды дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру есебінен жүзеге асырылмақ. Соның ішінде шығарылатын ассортиментті көбейту бойынша икемді өндіріс орындарын құру мақсатында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және машина жасау өнімдерінің жаңа түрлерін игеру мақсаты көзделіп отыр. Бөлшектер мен жинақтауыштар өндірісін игеру арқылы оқшаулау деңгейін ұлғайта отырып, ірі құрастыру өндірістерін ұйымдастыру, қосылған құны жоғары машина жасау өнімдерін өндіретін заманға сай жаңа кәсіпорындар құру міндеттері алға қойылған. Сонымен қатар инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу, тікелей инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау қажет.

Алдағы кезеңде қазақстандық машина жасау өнімдерін Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ауғанстан елдерінің нарықтарына жылжыту мақсаты көзделіп отыр.

Көліктік машина жасау саласы бойынша 2016 жылға дейін Қостанай қаласында оқшаулау деңгейін 30 пайызға дейін жеткізе отырып, жеңіл автомобиль құрастыру өндірісі құрылады.

Мұнай-газ машина жасау ісі дамытылады. Осы сала бойынша 2014 жылға дейін құбыр жүргізу арматурасын, сұйықтық сорғыларын, ұтқыр-бұрғылау құрылғыларын, сыйымдылық жабдықтарын шығару көлемі ұлғайтылып, отандық өнім үлесі 22 пайызға дейін көтерілді.

Тау-кен машина жасау саласында «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «Целингормаш» ЖШС (Степногор қаласы) және Қарағанды машина жасау консорциумының кәсіпорындары сияқты машина жасау кәсіпорындары өндірістерін дамыту арқылы прокаттық станоктарын, рольганг, шахталық гидротіреулерін, гидрожылжымаларын өндіру дамытылады.