Елімізде несие алу мақсатында жалған құжаттарды қолданумен банк саласында жасалған көптеген алаяқтық әрекеттер анықталды
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қаржы полициясы органдары несие алу мақсатында жалған құжаттарды қолданумен банк саласында жасалған көптеген алаяқтық әрекеттерді анықтады.
Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
«Алматыда «Камаз Транссервис» ЖШС директоры Демченко және оның бағыныштылары Цой мен Якубович 6 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Олар екінші деңгейлі банкілерінің бірінен жалған құжаттар арқылы несие алу және заңдастыру жолымен 4 млн. АҚШ долларын ұрлаған», деді ресми өкіл.
М. Жұманбай Оңтүстік Қазақстан облысында Базарбаеваның мүлкін тәркілеумен 5,6 жыл бас бостандығынан айыруға сотталғанын айтты. Ол жалған құжаттар пайдалану арқылы коммерциялық банктерінің бірінен 42,6 млн.теңге жымқырған.
Ресми өкіл сонымен қатар Қаржы полициясы органдарының статистикасы көрсеткендей, қысқа мерзімде арзан несие алуға тырысатын азаматтар көп жағдайда алаяқтардың құрбанына айналып отырғанын атап өтті. Мәселен, Алматы қаласында Еркінбекова мен Ақылбаева әрқайсысы 5 жылдан кесілді. Олар шетелдік банктердің бірінен несие алып беремін деген алдаумен Б. деген азаматтың 280 мың АҚШ долларын иемденіп кеткен.