13:27, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Елімізде салауатты өмір салтын насихаттауға айрықша көңіл бөлу қажет - Премьер-Министр
АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елімізде салауатты өмір салтын насихаттауға айрықша көңіл бөлу қажет. Мұндай пікірді Денсаулық сақтау министрлігінің бүгінгі алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов білдірді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Алқада әлемдік статистиканың мәліметтерімен танысқанына тоқталған Премьер-Министр: «Шылым шегуге қарсы насихат жұмысы дұрыс тамақтануды насихаттауға қарағанда барынша тиімді жүргізіледі екен. Бізге мүмкін салауатты өмір салтын насихаттауға көп ресурстар жұмсаған жөн шығар. Биылғы жылы біздің психологиямызды өзгертуге көмектесетін осындай мәселелерге көп назар аудару қажет», - деді. К. Мәсімовтың пікірінше, мұндай ауқымды шаруаның артында «шылым шегу жарнамасын қалай жүргізу керек, мектептерде салауатты өмір салтын қалай насихаттаған жөн, ыстық тамақты қалай ұйымдастыру қажет» деген сияқты кешенді мәселелер тұр. «Сондықтан осындай бұқаралық шараларға айрықша назар аудару қажет», деді ол. Үкімет басшысы сонымен бір мезгілде назарды дағдарыстан кейін еліміздің денсаулық сақтау жүйесін одан әрі қарқынды дамытуға дайындауға аударды.