18:41, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
Елімізде туберкулезге шалдыққандардың саны азайып келеді
АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде туберкулезбен күрес мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Іс-шара барысында елімізде туберкулез сияқты қоғамдық дерттермен күрес жолдары пысықталып, соның арқасында бәсекелестік индексінде Қазақстанның рейтингін көтеру жайы сөз болды. Өткен жылы елімізде 1,6 млрд. теңге көлеміндегі қаржыға сан алуан медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Соның нәтижесінде бүгінде туберкулез ауруымен сырқаттанған азаматтардың саны азайып келеді. Соңғы үш жылдың ішінде олардың саны 22 пайызға төмендеген. Ағымдағы жылы осы саладағы маман тапшылығы мәселесін шешу мақсатында туберкулезге қарсы медицина мекемелерінің қызметкерлеріне 190 пайыздық үстеме ақы төлеу жоспарланып отыр.Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, 2008 жылда әлем бойынша туберкулез ауруына шалдыққан 9 млн. адам анықталып, олардың 1,7 млн. қайтыс болған.