Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық аумақтарды дамытуда бірқатар проблемалар бар - Альберт Рау

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық аумақтардың қызмет деңгейі мен осы бағытқа тартылып отырған инвестициялардың көлемі көңіл толтырарлықтай емес.

Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық аумақтарды дамытуда бірқатар проблемалар бар - Альберт Рау

Қазақстандағы және шет елдердегі әлеуметтік-экономикалық аумақтардың жағдайына сараптама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің өкілдері осындай байлам жасаған. Бұл туралы бүгін «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аумақтар туралы» заң жобасының таныстырылымында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аумақтар туралы» заң жобасын дайындау Мемлекет басшысының 2010 жылы халыққа жолдаған Жолдауында көрсетілген еліміздің индустриялық даму мүмкіндіктері негізінде арнайы экономикалық аумақтар туралы жаңа заң қабылдау жөніндегі міндеттерінен туындап отыр. «Бүгінгі таңда Қазақстанда 6 экономикалық аумақ бар. Олардың 4-уі белсенді қызмет етуде, ал 2-уі жаңадан дамып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін біз өткен жылы осы арнайы экономикалық аумақтардың жұмысы мен осы бағыттағы шетелдік тәжірибені сараптадық. Одан ұққанымыз арнайы экономикалық аумақтардың даму деңгейі мен оның инвестициялық тартымдылығы еліміздің басшылығының көңілінен шықпай отыр. Біздің сараптама жасауға бел буып отырғандығымыздың өзі осы себептен»,-деді вице-министр.

Оның айтуынша, соңғы он жыл ішінде әлемде арнайы экономикалық аумақтардың айтарлықтай өсімі байқалады. Өсім әсіресе Азия елдерінде ерекше байқалып отыр. Олардың арасында лидерлер ретінде Қытай, Въетнам, Индонезияны айтуға болады. «Ал халықаралық консалтингтік талдаулар бойынша, қазақстандық арнайы экономикалық аумақтардың өз мүмкіндіктерін толыққанды жүзеге асыруға тежеу болып отырған бірқатар мәселелер бар. Олардың қатарында біріншіден бюджеттік шығындардың тиімділігінің төмендігі, басқару қызметінің тиімсіздігі сияқты мәселелерді айтуға болады. Сондай-ақ мұнда бірыңғай мемлекеттік басқару тетігі жоқ және инвесторларды тарту тетіктері қолданылмайды»,-деді министрдің орынбасары.