Еліміздегі азық-түлік өнімдері басқаша таңбалануы мүмкін
Бүгінде Қазақстанда тұтынушылар үшін азық-түлік бойынша таңдау зор. Алайда кез-келген азық-түліктің қолдан жасалған түрлері де таралып жатыр. Тіпті отандық өндірушілер де кейде ереже сақтамайды.
«Қазір ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінде бірқатар зертхана әдістері жасалып жатыр. Оны азық-түлік жеткізушілері де біледі. Бүгін бір азық-түлікті тексеру үшін токсикологтар, химиктер, биохимиктер, микробиологтар жұмылдырылады. Азық-түлік индустриясы қазір қарыштап дамып келеді. Түрлі технологиялар, дәмдеуіштер, хош иістендіргіштер жасалып жатыр. Соның барлығын зерттеу үшін жаңа әдістемелер енгізуге, жаңа зертханалар ашуға тура келеді», - деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин.
Оның айтуынша, қазір елде азық-түлік нормалары белгіленген.
Тамақта ГМО 9%-дан аспауы керек. Таңбалау мәселесіне келгенде ортақ талаптар бар. Бірақ жаңа талаптарды енгізетін уақыт жетті. Бұл бірінші кезекте тұтынушы үшін аса қажет, себебі ол өнім туралы ақпаратты толық алуға құқылы.
«Бүгінде бізде ақпараттық құрамы жоқ лейблдар өте көп. Шрифттердің үлкендігі ол өзінше бөлек әңгіме. Мәселен, майда шрифтті тұтынушы тек лупамен оқи алады. Ол, әрине, ыңғайсыз. Таңбалаудың жаңа талаптары талқыланып жатыр. Қауіпсіздік туралы ақпаратты тұтынушы толық ала алатын жағдайға көшуіміз керек», - деді бас санитарлық дәрігер.
Мемлекеттік органдар отандық өндірушілердің өнімдерін құрамындағы заттарға қарай маркелемек.
«Қазір түс арқылы маркерлеу мәселесі талқыланып жатыр. Жасыл, қызыл, сары түс. Бұл түстер өнімнің құрамында зиянды заттар көп дегенді білдірмейтін болады. Жасыл болса, көмірсутек, қант, тұз тағы басқа заттары аз дегенді білдіреді. Егер қызыл түс болса, максималды концентрация бар деген сөз. Сары түс жасыл мен қызылдың арасы дегенді білдіреді. Таңбалану түсі өнімнің зиянды болмаса пайдалы екендігін білдірмейді. Біз ең алдымен қант, тұз, майлар, көмірсутектерді белгілейтін боламыз», - деді ол.
Бас санитар дәрігердің айтуынша, тек шикізаттан өңделген азық-түліктер ғана қайта таңбалануы тиіс. Шикі өнімдер, ет, көкөніс, жемістер таңбаланбайды.
«Тек отандық өндіріс өнімдері ғана маркерленеді. Егер біз осында ұлттық құжат жасасақ, кейінірек бұл норма шетелден енгізілетін өнімдерге де жасалады», - деді Бекшин.
Оның айтуынша, бұл мәселе Еуразия экономикалық одағының алаңында талқыланып жатыр.