Еліміздегі балалардың медициналық-әлеуметтік мекемелерінде кадрлар жетіспейді

Бұл туралы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры Қайни Манабаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің стандартына сәйкес балалардың психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерін штаттармен жасақтау мынадай: мәселен Астанадағы балалардың медициналық-әлеуметтік мекемелері кадрлармен толық қамтамасыз етілген. Алматыда штаттар әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандармен, логопедтермен, дефектолог мұғалімдермен, сенсорлық дағдыны дамыту жөніндегі дефектолог мұғалімдермен, дене тәрбиесі мұғалімдерімен ішінара қамтылған. Ақмола облысында логопедтер, әдіскер- дефектолог мұғалімдер, сенсорлық дағдыны дамыту жөніндегі дефектолог мұғалімдер, кемтар балаларды жүріп-тұрғызатын мамандар, музыкалық жетекшілер, дене тәрбиесінің мұғалімдері мүлдем жетіспейді.
«Шығыс Қазақстан облысындағы жағдай жақсырақ. Бұл облыста еңбек жөніндегі нұсқаушыны қоспағанда, штат толықтай жасақталған», деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, Қарағанды облысында психолог, дефектолог мұғалімдер мен сенсорлық дағдыны дамыту жөніндегі дефектолог мұғалімдермен штаттар ішінара жасақталған. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік жұмыс бойынша мамандармен және логопедтермен штат толық жасақталмаған, психологтармен, дефектолог мұғалімдермен, даму жөніндегі дефектолог мұғалімдер, еңбек жөніндегі инспекторлармен штаттар ішінара жасақталған.
«Тексеру барысында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері балалардың медициналық-әлеуметтік мекемелеріндегі штаттардың толық жасақталмауын ғимараттардың жетіспеушілігімен, еңбек нарығында мамандардың жоқтығымен түсіндірді», деді Қ. Манабаева.