16:12, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Еліміздегі электр энергиясының тарифтері көтеруді қажет етеді - С . Мыңбаев
АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың пайымдауынша, еліміздегі электр энергиясының тарифтері көтеруді қажет етеді.

Ол бұл пікірін бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Селекторда еліміздегі бірқатар стансалар электр қуатының бағасын көтергісі келетінін және соған әрекеттеніп жатқанын айтқан С. Мыңбаев: «Бұл нұсқалар әзірге бақыланатын болады. Менің ойымша, біз бағаны көтермеу үшін тетіктер табамыз. Алайда, сонымен бір мезгілде біз шекті тарифтер жөнінде уағдаласқанбыз, аталмыш стансалар инвестициялық міндеттемелерге қол қойғаннан кейін электр қуатының тарифтері шекті тарифтердің шамасында көтерілуі тиіс», деді.Осы орайда министр Үкімет басшысынан электр энергиясын өндірушілерге арналған шекті тарифтердің деңгейін кеңейтілген құрамда талқылау үшін Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысын өткізетін күнді белгілеуді сұрады. Айта кетейік, қазіргі таңда Үкіметке Қазақстандағы электр энергиясының шекті тарифтері туралы ұсынысты Табиғи монополияларды реттеу агенттігі емес, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі енгізеді. Мұндай шешімді осы министрліктің биылғы қаңтардың 21-дегі алқасында Премьер-Министр қабылдаған болатын. Алқада С. Мыңбаев Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін құнын көтеру арқылы электр энергиясының ұзақ мерзімді тарифтерін бекіту көзделіп отырғанын, бұл электр стансалары қожайындарының жеке инвестициясына айырбастау арқылы іске асырылатынын айта келе: «Осылайша шекті тарифтер аясында министрлік энергия өндіретін ұйымдармен инвестициялық міндеттер туралы келісім жасайтын болады және оларды іске асыру бақыланады», деген болатын.