Еліміздегі қоғамдық ұйымдар жер телімдерін заңсыз сатумен айналысуда
АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Халыққа жер телімдерін алып беруді сылтау етіп, алаяқтық жасап жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтардың ішінде қоғамдық ұйымдар да бар. Бұл туралы бүгінгі брифингте ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметі бойынша Алматы облысында жалған шешімдерді шығару арқылы 239 азаматтың 972 мың АҚШ долларын заңсыз иемденген «Халық үйі» қоғамдық бірлестігінің президенті Нұрғожаев деген азаматтың мүлкі тәркіленіп 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қоса тергеу барысында оның заңсыз кәсіпкерлік қызметімен айналысып, 27,5 млн. теңге көлемінде табыс тапқандығы анықталды. Сондай-ақ Нұрғожаев 23,5 млн. теңге салықты төлеуден жалтарған. Бүгінде қылмыстық топтың басқа да мүшелері түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылды.
«Сонымен қатар облыста осы санаттағы «Алтын ұя» қоғамдық бірлестігінің 5 мүшесі қамауға алынды. Олар аталған ұйымның жалған шешімдерін қолдана отырып, жер телімдерін заңсыз бөлу арқылы азаматтардың 245 млн. 748 мың теңгесін ұрлаған. Қазіргі кезде топ жетекшісіне іздеу жарияланды. Ал Қызылорда облысында осы жолмен 9,5 млн.теңгені заңсыз иемденген ұйымдасқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы және 3 мүшесі сотқа тапсырылды», - дейді М.Жұманбай.