16:58, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Еліміздегі компаниялардың өз өнімдерін тұтынушыларға көрсетуіне жағдай жасау қажет ? Индустрия және сауда министрлігі
АСТАНА. Мамырдың 26-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Индустрия және сауда министрлігінде Қазақстан Республикасындағы көрме қызметін дамытудың перспективалары мен проблемалары. Көрмелер тиімділігін бағалаудың әдісі» атты дөңгелек үстел отырысы өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш шараға Индустрия және сауда министрлігі мен Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті және Қазақстанның «Атамекен одағы» ұлттық экономикалық палатасының өкілдері, еліміздегі 15-тен астам жетекші көрме компанияларының басшылары қатысты. Отырыс барысында күн тәртібіндегі мәселеге байланысты сөз қозғаған Индустрия және сауда министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаевтың сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстандағы көрме қызметі мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалып отыр. Қазіргі таңда бұл саланың қызметін реттейтін арнайы заңнамалық база да жоқ. «Ал біз қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде елімізде өркендеп келе жатқан өнеркәсіп саласының бар жетістігін көпшілік назарына ұсынуымыз қажет. Сондықтан да бүгін көрме саласындағы қалыптасқан мәселелер мен оған қатысты мүмкіндіктерімізді саралап, проблемаларды шешу мақсатында бас қосып отырмыз», - деді комитет төрағасы. Оның айтуынша, министрлік қазір көрме қызметі ережесінің жобасын жасап, көрме және жәрмеңке қызметі жөніндегі арнайы үйлестіру кеңесін құруды жөн көріп отыр. «Мұндағы мақсат, біз тым болмағанда өзіміз ұйымдастыратын көрме шараларының жобасын білуіміз керек. Біз бүгін шетелдік компанияларды қазақстандық көрмелерді тамашалауға шақырғымыз келеді. Бұған дайынбыз. Алайда, біз үшін бүгін елде ұйымдастырылатын көрмелердің барлығының топтастырылған жобасын дайындау үлкен мәселе болып отыр. Біз елдегі компаниялардың өз өнімдерін тұтынушыларға және шетелдіктерге көрсетулеріне жағдай жасап, мемлекеттің осы бағыттағы жұмыстарына қолғабыс тигізуіміз керек. Жалпы министрлік тарапынан осы бағыттағы жұмыстар бойынша аз шара атқарылып жатқан жоқ. Дегенмен бүгінгі отырыс барысында көкейге түйгендерімізді тәжірибе жүзінде де қолдануға күш салуымыз қажет», - деді А.Қазыбаев.