Еліміздің 5 автожолын салуға әрі жаңғыртуға 321,3 млрд. теңге жұмсалады - Б.Сағынтаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің 5 автожолын салуға әрі жаңғыртуға 321,3 млрд. теңге жұмсалады. Бұл туралы бүгін «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
None
None

Оның атап өтуінше, ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, 2015-2019 жылдарға дейінгі инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде. Аталған құжат ағымдағы жылдың соңында қабылданбақ. Оны дайындау ісінде Үкімет қарқынды жұмыстар жүргізуде.

«Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс және Орталық-Батыс бағыттары бойынша республикалық маңыздағы жолдарды салу және жаңғыртуға 321,3 млрд. теңге бөлінеді. Оның ішінде 2015 жылы 178 млрд. және 2016 жылы 143,3», - деді ол.

Б.Сағынтаевтың айтуынша, Жолдауда жүктелген міндеттерге сәйкес, жалпы ұзақтығы 5452 шақырымды құрайтын 5 ірі автожолдың құрылысы басталады.

«Олар 1300 шақырымдық Астана-Алматы, 950 шақырымдық Астана-Өскемен, 1600 шақырымдық Астана-Ақтөбе-Атырау-Астрахань, 712 шақырымдық Алматы-Өскемен, 2890 шақырымдық Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Павлодар жолдары. Жол құрылысы жобаларын жүзеге асыру жаңа 200 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, «Самұрық-Қазына» қорын капиталдандыру арқылы Каспийдегі айлақ инфрақұрылымына және темір жол құрылысына 46,2 млрд. теңге бағытталады. Оның 19,8 млрд. теңгесі 2015 жылы, ал 26,4 млрд. теңгесі 2016 жылы кәдеге жаратылады. Бұдан бөлек, Шу-Алматы-1 бөлігіндегі екінші темір жол құрылысына 27,7 млрд. теңге, Боржақты-Ерсай темір жол желісіне 6,7 млрд. теңге жұмсалады.

Соңғы жаңалықтар