Еліміздің барлық өңірінде «Нұрлы болашақ» республикалық акциясы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 маусым - Балаларды қорғау күні  ескі халықаралық мейрамдардың біріне жатады. Алғаш рет осы күнді мерекелеу туралы шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданған болатын.
None
None

Естеріңізге сала кетейік, бұдан басқа, әлемде 20 қараша күні - Дүниежүзілік бала күні, 4 маусым -  Халықаралық агрессия құрбандары - кінәсіз балалар күні және 16 маусым - Халықаралық Африка балалары күні сынды даталар бар.

Бір жағынан Халықаралық балалар күні әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам болса, екінші жағынан бұл  кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға, әлімжеттік, қысым жасамауға үндейтін мейрам. Сондай-ақ, қоғамдағы кемтар, жетім, тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларды барынша қорғауға, қолдауға шақыратын күн.

  Халықаралық балаларды қорғау күнін кең мерекелеу әрбір жас қазақстандықтың әл-ауқатына мемлекеттің назары мен қамқорлығы басым екенінің, Қазақстанның қатысушы мемлекет ретінде БҰҰ-ның халықаралық Бала құқықтары туралы конвенциясының ережелерін практикада жүзеге асыруға талпынысының дәлелі.

Біздің елімізде 2017 жылдың 20 мамыр мен 15 маусым аралығында 1 - ші маусым халықаралық Балаларды қорғау күні аясында «Нұрлы болашақ» республикалық акциясы өтті.

 Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйінсек, «Нұрлы болашақ» республикалық акциясы бірнеше негізгі мақсаттарды көздейді:

- елдің балғын тұрғындарының тұрмыс сапасын қамтамасыз бойынша мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес қауымдастықтың, БАҚ-тың күшін біріктіру;

- әрбір баланың құқықтарын насихаттау және қорғау, балалардың құқықтарын іске асыруға көмектесу;

-  балаларға құрметпен және қамқорлықпен қарау.

Аталған шараның қатысушылары - мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар, оқушылар мен студент жастар. Қамту аудиториясы шамамен 3 миллионға жуық бала.

Сандарды сөйлететін болсақ, бүгінгі таңда республикада туғанынан 18 жасқа дейінгі бала саны 5 387 843. Оның ішінде:мектепке дейінгі жастағы бала саны - 2 206 561, мектеп оқушылары - 2 918 350, 18 жасқа дейінгі оқушы және студент жастар - 262 932.

«Нұрлы болашақ» республикалық акциясы аясында өтетін барлық мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде ұстанатын негізгі қағидат «Бар жақсылық - балаларға» ұраны болып табылады. Аталмыш акцияның негізгі міндеті - ұлтына, жынысына, діни сеніміне, әлеуметтік мәртебесіне және тұратын жеріне қарамастан, әрбір балаға ерекше қамқорлықтың қажет екеніне қоғамның назарын аудару. 

Сонымен қатар, «Нұрлы болашақ» республикалық акция аясындағы іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде бір уақытта өтті. Және олар  «Бала мен отбасы», «Балаға мейірімді қала», «Бала құқығы  - адам құқығы», «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол!» «Балалық шақты қорғайтын қоғам» «Табысты болу құқығы» «Өмір мен мансапты жоспарлау» атты тақырыптық бөлімдер бойынша жүзеге асырылды.

Айта кетейік, мерекелік іс-шараларға дайындық және оны ұйымдастыру «бала», «балалар», «бақытты балалық шақ», «әр бала отбасында өмір сүруге тиіс», «балалардың құқықтарын қорғау», «құқықтар мен міндеттер» секілді құндылықтарды қоғамның санасына орнықтыруға бағытталды. Оған қоса, аталған іс-шаралар түрлі деңгейде балалардың бойында белсенді азаматтық ұстанымдарды қалыптастыруға, отансүйгіштікке тәрбиелейді.

 

 

Соңғы жаңалықтар