Еліміздің батыс аймағында Көрісу рәсімі басталды
АТЫРАУ. 14 наурыз. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - 14 наурызда Атырау облысында және еліміздің басқа да батыс өңірлерінде дәстүр бойынша Наурыз мейрамын тойлау басталады.
Батыс өңірде бұл күні жұртшылық ауыл-аймақтың ақсақалына, жасы кішілер үлкендерге арнайы барып, амандасып, бір жасымен құттықтайды. Қойын-қонышын тәттіге толтыратын балалар да бір жасап қалады. Бұл ежелгі дәстүр Қазақстанның батыс өңірінде ғана сақталған. Кейбір деректер бойынша мұны Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша көрісу (яғни қауышу) күні деп атайды. Бұл салт қайдан шықса да, иманға, жақсылыққа негізделгені анық.
Бұл рәсім кей жерлерде «амал» деп те атайды. Әр үй жеті шелпегін пісіріп, дастарханын жайып қояды. Ата-баба рухына дұға бағыштайды. Кішілер үлкендерге, көрші-қолаң, ағайын-туыс бір-біріне, ал, бала-шағалар әр үйге кіріп, көрісіп құттықтап шығады. Ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер жағы да құшақтасып, беттерінен сүйіп, көрісіп жатады.