Еліміздің қалаларында түрлі жат әрекеттердің бой көрсетуінің сыры неде? - баспасөзге шолу

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 18 қаңтар, сенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Еліміздің қалаларында түрлі жат әрекеттердің бой көрсетуінің сыры неде? - баспасөзге шолу

***

«Кеше Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы жарияланғаннан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы кеңесі өтті. Оған Ассамблеядан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ассамблея кеңесінің мүшелері және республикалық этно-мәдени бірлестіктердің басшылары, Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері қатысты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Ортақ мақсат, бір мүдде» деген тақырыптағы мақаласында. Кеңес аясында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов Елбасының Жолдаудағы негізгі тақырып - ең алдымен, ел дамуының нақты бағытын белгілеу, оның ішінде«Мәңгілік Ел» туралы ой екендігіне тоқталды. «Тәуелсіздігіміздің ең алғашқы күндерінен бастап айтылып жүрген, күн тәртібінде тұрған сұрақтардың бірі десек, артық болмайды деп ойлаймыз. «Мәңгілік Ел» - ол ең біріншіден, біздің тәуелсіздігімізге байланысты. Тәуелсіздігіміз ел бірлігімен байланысты. Ал ел бірлігі қоғамдық келісіммен байланысты. Сондықтан, Жолдауда көтерілген мәселелердің барлығы, оның ішінде экономикалық, әлеуметтік мәселелер қоғамдық келісімге бағытталған», - деді ол.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Мемлекет тарихы институтының еуразиялық және салыстырмалы саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының докторы Мадина Анафинованың «Өткен күнде белгі бар» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарияланды. «Шетелдік және еліміздегі музейлерде, кітапханаларда, мұрағат орталықтарында сақтаулы қолжазбалардың, артефактілердің, кітаптардың, басқа да баспа, аудио және бейнематериалдардың толық тізімін қалыптастыру жұмыстары жаңа серпін алды десек қателеспейміз. Бұл - Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның тарих ғылымының жаңа өлшемде - дербес қазақстандық тарихи-ғылыми және тарихнамалық кеңістікте дами бастағанының көрінісі», - деп жазады мақала авторы.

***

«Айқын» газетінің сенбілік санында физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мұхтарбай Өтелбаевпен арадағы сұхбат «Мен үшін ғалымдығымнан ата дәстүрім маңызды» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ғалым: «Көп адам гуманитарлық ғылымнан гөрі, нақты ғылымдарды дамыту керек деген пікір айтып жүр. Мен бұл пікірге түбегейлі қарсымын. Себебі балаларға патриоттық тәрбие беру үшін тарих ғылымы, сөз жоқ, керек. Тіпті тарихқа ерекше көңіл бөлу қажет. Ал тіл болмаса, ұлттың жойылатыны бесенеден белгілі. Сізбенен сөйлесіп отырғанымыздың өзі тіліміздің арқасы емес пе, тілсіз адам маймыл, ал маймылға математиканың не керегі бар? Меніңше, гуманитарлық ғылымдарды да, нақты ғылымдарды да қатар дамыту қажет. Тек дұрыс бағытпен... Гуманитарлық ғылымдардың да, математиканың да болашағы бар біздің елде. Ал техника ғылымдарының болашағы күңгірттеу сияқты. Бұл саланы дамытудың да қажеті жоқ. Себебі бұл салада бір жаңалық ойлап тапсаңыз, ол сол күні-ақ жүз жерде табылып қойған болып шығады. Сосын ол жаңалыққа ақшасы барлар ғана иелік етеді. Сондықтан да нақты ғылымдарда дамып жатқан саланы ғана дамыту керек. Ал қалғандарын шетелден сатып алып, пайдалануға болады», - дейді.

Соңғы уақытта еліміздің қалаларында түрлі жат әрекеттер бой көрсетіп отыр. Ал осының сыры неде? Бұл сауалға «Айқын» газетінде есімі елге танымал бірқатар азамат жауап беруге тырысқан. Мәселен, қоғам қайраткері Дос Көшімнің пайымынша, қоғамда түрлі жат әрекеттердің бой көрсете бастауын екі түрлі жолмен түсіндіруге болатын сияқты. Біріншісі - еліктеу. «Екінші бір мәселе, бұл өз айтқанын билік тыңдамайтын, қоғам назар аудармайтын болған соң осындай оқыс әрекет жасау арқылы жұрттың назарын өзіне аудару», - деді ол. Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали: «Қалай десек те, біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан либералдық қоғамның бояуы бізде қалыңдап келеді. Оны жат, оғаш әрекеттерден көруге болады. Түрлі пиар, шерулер, акциялар өткізуге болады. Онда саяси, немесе әлеуметтік мақсат, тіпті жеке адамның өзін өзге жұртқа таныту үшін жасаған пиары болуы да мүмкін. Бірақ бәрі заң аясында болғаны жөн. Заңға қайшы болса жазалануы тиіс», - дейді.