Еліміздің Қарулы күштерінде коронавирусқа қарсы ревакцинация жалғасуда

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан әскерінің 13 мыңға жуық әскери қызметшісі мен азаматтық персоналына қайта екпе салынды. Медициналық тұрғыда қарсы көрсетілімі бар адамдарға ғана вакцина егілмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Еліміздің Қарулы күштерінде коронавирусқа қарсы ревакцинация жалғасуда

«Қорғаныс министрлігінің әскери емханалары және тіркелген жеріндегі азаматтық емдеу мекемелері, сондай-ақ әскери және азаматтық емдеу мекемелерінің көшпелі егу бригадалары белсенділігі жойылған вакцина арқылы ревакцинация жүргізеді», – деп атап өтті ҚР ҚК Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы медицина қызметінің полковнигі Тимур Ошақбаев.

Қазақстанның бас санитар дәрігерінің ревакцинация жүргізу туралы қаулысына сәйкес COVID-19 қарсы екпенің толық курсынан кейін алты ай өткенде қайта екпе салу қажет.

Бас әскери-медициналық басқармасы ел Қарулы күштеріндегі коронавирус инфекция бойынша эпидемиологиялық ахуал ұжымдық иммунитеттің қалыптасуының арқасында тұрақты екенін атап өтті.