Еліміздің Көлік министрлігінде Есіл өзеніндегі қауіпсіздік шаралары қаралды

АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Көлік және коммуникация министрлігінде Көліктік бақылау комитетінің, Астана қаласы әкімдігінің, елордалық ішкі істер және төтенше жағдайлар департаменттерінің, «Есіл - Астана» МКҚК өкілдерінің, қайықты жалға беру бекеттері иелерінің қатысуымен Есіл өзенінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне арналған жиналыс болып өтті.
None
None

Ведомство баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, бас қосуда ағымдағы навигациялық кезеңде Есіл өзенінде қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, Астана қаласының күні қарсаңында қауіпсіздік шараларын күшейту мәселесі де сөз болды.

Қазіргі уақытта Астанада «Кеме жүретін Есіл» атты жоба жүзеге асырылуда. Бұл жоба жүзеге асырылған жағдайда кеме жүретін ішкі жалпы сулардың көлемі 24 шақырымды құрайтын болады. Бүгінгі уақытта өзеннің кеме жүретін бөлігі 6 шақырымды құрап отыр.

Салыстырмалы түрде көлемі аз бөлікте кемелердің қозғалыс қарқыны қауіпсіздікті күшейтуді талап етеді. Әсіресе, мереке күндері Есіл өзенінің қалалық учаскесінде халықтың шоғырлануы арта түседі. Осыған орай қауіпсіздік қамтамасыз етуге қатысты бар барлық қызметтер келісе отырып, өз күштерін біріктіруі қажет.

Жиналысқа қатысушылар стационарлық айлақтар, қалалық жағажай, жаяу жүргіншілер көпірі мен жағалаулар секілді адамдар көп жиналатын жерлерді бақылауға алып, кемелерге мініп, түсу қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ, барлық қызметтерге қолданыстағы кемелердің техникалық жағдайына, олардың жолаушыларды тасымалдау нормаларын сақтауына, кемелердің құтқару құралдарымен қамтамасыз етілуіне бақылауды күшейту туралы тапсырма берілді.

Соңғы жаңалықтар