Еліміздің нақты жалпы ішкі өнімінің өсу қарқыны 2011 жылы 3,1 пайызды құрайды деп болжануда
АСТАНА. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Еліміздің нақты жалпы ішкі өнімінің өсу қарқыны 2011 жылы 3,1 пайызды құрайды деп болжануда. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысы барысында 2011-2015 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын таныстырған Экономикалық даму және сауда минисрі Жанар Айтжанова айтты.
«Еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсуі қарқыны 2011 жылы 3,1 пайызды, 2012 жылы 3,3 пайызды, 2013 жылы 3,5 пайызды құрап, 2015 жылға дейінгі кезеңде орташа есеппен 4,1 пайызға жетеді деп болжануда», деді ол.
Министрдің атап өтуінше, макроэкономикалық көрсеткіштерді болжау жұмысы әлемдік экономиканың даму тенденцияларының, әлемдік тауар нарығындағы соңғы көрсеткіштерді, сонымен қатар Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларының ағымдағы жылғы даму тенденцияларының негізінде жасалған.
Атап айтқанда, макроэкономикалық болжамды жасау барысында халықаралық ұйымдардың әлемдік экономиканың өсімі туралы болжамы және Қазақстанның мұнай, қара және түсті металл, сонымен қатар бидай сияқты негізгі экспорттық тауарларының әлемдік бағасы бойынша жасалған болжамдары ескерілген.
«Ұсынылып отырған еліміздің әлеуметтік-экономикалық болжамында мұнайдың әлемдік бағасы консервативтік деңгейде анықталып, 2011-2015 жылдары орташа есеппен 1 барреліне 65 АҚШ долларын құрайды деп дайындалған», деді Ж. Айтжанова.