Еліміздің одан әрі орнықты дамуы үшін стратегиялық жоспарларды қалыптастыру тетіктері қайта қаралады
СТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Әлемдегі кез-келген мемлекеттің экономикасы орнықты дамуы үшін қоғамдағы саяси тұрақтылықтың маңызы зор. Дейтұрғанмен, қоғамдағы тұрақтылық елдің экономикалық тұрғыдан орнықты дамуына 100 пайыз кепіл бола алмайтынын Грекиядағы жағдай көрсетіп берді. Грекиядағы елдің ертеңгі даму жолын айқындайтын стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлауда бір кездері жіберілген қателіктер бұл күнде оның экономикасына жойқын соққы болып тиюде. Нәтижесінде елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай ширығып тұр.
Әрине, жағдай осылай жалғаса беретін болса, оның арты жақсылыққа апармайтыны айдан анық. Сондықтан да Грекия экономикасындағы жағдай әсіресе Еуропалық одақтағы мемлекеттерді қатты алаңдатып отыр. Себебі, қарт құрлықты мекендейтін елдердің экономикалары бір-бірімен етене ықпалдасқан, алыс-берісі мен барыс-келісі өзара ұштасып жатыр. Ал, Еуропалық одақтағы қазіргі жағдай бір қарындағы бір құмалақтың ойранын көзге елестетеді. Сондықтан да Грекиядағы тоқырау келешекте қарт құрлықтағы мемлекеттердің берекесін қашырмасы үшін Еуропалық одақ «жұмыла көтерген жүк жеңіл», деген қағиданы басшылыққа алып, Грекияға қаржылай көмек көрсететін болып шешті. Жақында Еуроодақ елдерінің қаржы министрлері грек экономикасының есін жидыруға бағытталған шаралар топтамасын бекітті. Оған сәйкес, Грекияға үш жылға есептеліп, 110 млрд. еуро несие бөлінетін болады. Оның 80 миллиардын Грекия Еуроодақтан алады, тағы 30 миллиардын Халықаралық валюта қоры береді.
Грекиядағы мұндай жағдай Қазақстан Үкіметін ойландырып тастаған тәрізді. Бұған Үкіметтің сейсенбі күнгі отырысында мемлекеттік органдардың 2009 жылы стратегиялық жоспарларының және меморандумдардың орындалу мәселесі қаралғаны дәлел бола алады. Экономкалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың сөзіне қарағанда, жалпы алғанда стратегиялық жоспарлау қағидаттарын енгізу мемлекеттік органдарға өз жұмысында нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берген. Мәселен, бұл жұмыс біріншіден - стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланыстарын қамтамасыз етуге; екіншіден - мемлекеттік органдардың қызметін мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге және нақты нәтижелерді алуға бағдарлауға; үшіншіден - бюджет үдерісінде бюджет қаражаттарын ашық бөлуге және мемлекеттік саясаттың басымдықтарына сәйкес қаржыны барынша тиімді пайдалануға бағдарлауға; төртіншіден - мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауға мүмкіндік берген. «Айтпаса сөздің атасы өледі», демекші, Ж. Айтжанова осындай оң үдерістерге қарамастан, еліміздің стратегиялық жоспарлау жүйесінде жүргізілген жұмыстардың жаңашылдығына байланысты бірқатар кемшіліктердің де анықталғанын ашып айтты. «Тыңдаулар көрсеткеніндей, стратегиялық жоспарларды қалыптастырудың әдістемелік базасында одан әрі жетілдіруді талап ететін бірқатар аспектілер бар», дейді министр.
Сонымен ол қандай кемшіліктер екен, соған тоқталсақ. Біріншіден, стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу дәрежесін сипаттауға тиісті мақсатты индикаторлар көбінесе мемлекеттік органдардың ағымдағы қызметтерін қамтитын көрінеді. Екіншіден, міндеттелген жалпыхалықтық мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттік басқару деңгейлері арасында жауапкершілік дәрежесі жеткіліксіз ажыратылған; кей-кейде стратегиялық жоспарларда әкімдіктер мен орталық атқарушы органдардың жауапкершілік саласы араласып кеткен. Үшіншіден, бірқатар стратегиялық жоспарлардағы мақсатты көрсеткіштер өлшеуге қиын сипатта, көбінесе оларды сандық тұрғыдан өлшеу мүмкін емес. Төртіншіден, стратегиялық жоспарлардың тиімді жүзеге асырылуына дүркін-дүркін түзетулердің енгізілуі де белгілі бір деңгейде теріс әсер еткен. Бұған тек 2009 жылдың өзінде бюджеттің 3 рет, ал ағымдағы жылы 1 рет түзетілгені мысал бола алады. Осы орайда мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеудегі әдістемені жетілдіру үшін Экономикалық даму және сауда министрлігі стратегиялық жоспарларды әзірлеу жөніндегі әдістемелік нұсқауларды қалыптастыру жөніндегі жұмысты бастап кеткен. Онда алдыңғы жылдардың тәжірибесі ескерілетін болады.
Бір қарағанда бұлар ұсақ-түйек дүниелер болып көрінуі мүмкін. Алайда, еліміздің келшектегі даму жолын айқындайтын стратегиялық жоспарлауда жіберілген мұндай кемшіліктер дер кезінде түземесе, оның салдары ертеңгі күні экономика үшін жойқын соққы болып тимесіне ешкім де кепілдік бола алмайды. Сондықтан да Қазақстан Үкіметі стратегиялық жоспарларды қалыптастыру тетіктерін қайта қарауды көздеп отыр. Осы орайда Премьер-Министр Кәрім Мәсімов стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлауда кеткен кемшіліктерге келешекте жол бермеу үшін тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді. Үкімет басшысы ең алдымен Экономикалық даму және сауда министрлігіне Қаржы министрлігімен бірлесіп мамырдың 20-на дейін стратегиялық жоспарларды әзірлеу үшін жаңартылған әдістемелік негізді әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте стратегияық жоспар мемлекеттік органдар қызметінің барлық салаларын қамтымай, тек маңызды стратегиялық бағыттар мен мақсаттарға шоғырлануы тиіс. Стратегиялық мақсаттарды, міндеттерді және көрсеткіштерді сұрыптаудағы және қалыптастырудағы стратегиялық талапты қатаңдату қажет, олардың саны шектеулі болуы керек. Бұдан бөлек, стратегиялық мақсаттар мен міндеттердің, нәтижелердің көрсеткіштері бюджеттік қаржылармен қабысуы тиіс. Орталық атқарушы органдардың стратегиялық жоспарлары стратегиялық мақсаттар мен көрсеткіштерді келісу арқылы аумақтардың даму бағдарламаларымен және жергілікті атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларымен үйлестірілуі қажет.
Ал, Қаржы министрлігі ағымдағы жылғы маусымның 1-не дейін нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді ескеріп, бюджеттік бағдарламалардың қалыптастырылуына, олардың мазмұнына, негізділігіне талдау жүргізуі қажет. Бұдан бөлек, Экономикалық даму және сауда министрлігіне ағымдағы жылғы маусымның 15-не дейін стратегиялық жоспардың мақсатты индикаторларына, көрсеткіштері мен міндеттеріне қол жеткізу жөніндегі есеп беретін деректерді мемлекеттік органдармен бекітілетін тетікті әзірлеу және бекіту тапсырылды. Ал, Экономикалық даму және сауда министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп ағымдағы жылғы қазанның 1-не дейін стратегиялық жоспарларды, меморандумдар мен бюджеттік бағдарламаларды жүзеге асыруды кешенді бағалау жүйесін әзірлеуі тиіс. Бағалау нәтижелері кезекті бюджеттік циклде пайдаланылуы қажет.
Сонымен қатар, Экономикалық даму және сауда министрлігі ағымдағы жылғы мамырдың 20-на дейін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары және Премьер-Министр арасында жасалатын меморандумдардың әзірленуіне, мазмұнына және бағалануына қойылатын талаптарды әзірлеуі, сондай-ақ тиісті нормативтік актілерге қажетті өзгертулер мен толықтырулар енгізуі қажет. Ал, Қаржы министрлігі болса әрбір орталық органмен бірлесіп мемлекеттік шығыстарды бағалау жөніндегі жұмысты бастауы керек. «Бастапқы кезеңде республикалық бюджеттің шығынына, олардың қажеттілігіне, негізділігіне, нәтижелілігіне мұқият сараптама жүргізу қажет. Алынатын нәтижелер мен шығындалатын бюджеттік қаржының сәйкестігіне кешенді бағалау жүргізілуі тиіс. Бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру түпкі мақсат болуы тиіс. Ағымдағы жылғы мамырдың 20-на дейін осы жұмыстың ұйымдастырылуын баяндайтын болыңыздар. Перспективада мұндай жұмысты жергілікті бюджеттер бойынша да жүргізу қажет», деді Үкімет басшысы.
Биылдан бастап елімізде бес жылдық Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыра бастағаны белгілі. Қазақстан дағдарыстан кейінгі кезеңде экономикалық дамуында тағы бір секіріс жасауды мақсат еткен тұста, сөз жоқ еліміздің стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлауында ешқандай да кемшіліктерге жол бермей, алдағы бағдарды қазірден бастап нақты айқындап алу аса маңызды. Қоғамымыздағы тұрақтылық еліміздің ертеңгі даму жолын айқындайтын стратегиялық жоспарлаумен үйлесіп жатса, алға қойылған талай міндеттерді тиімді шешуге болады.