Еліміздің он өңірінен келген студенттер Оралда бас қосты (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Қазақстан студенттері альянсының ХІІ республикалық слеті өткізілді.
None
None

Қазақстанның он өңірінен келген делегаттар, сондай-ақ батысқазақстандық студенттер шара барысында семинар-тренингтерге қатысып, пікір, тәжірибе алмасты. Дөңгелек үстел басында жастар саясаты, жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу мәселелерін талқылады. «Мен - көшбасшымын» атты семинар-тренингте өз белсенділіктері мен көшбасшылық қасиеттерін көрсетуге мүмкіндік алды.

Республикалық слетті ашқан Қазақстан студенттері альянсының көшбасшысы Арман Абдолла батысқазақстандық жастардың да бірқатар жаңа жобаларға ұйытқы болып, волонтерлік секілді игі істерді жалғастырып келе жатқанын атап өтті.

БҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Азамат Айтуев Елбасы қолдауымен құрылған аталмыш альянстың он жыл бойы студент жастардың мақсат-мүдделеріне сай жемісті қызмет атқарып келе жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда альянс еліміз өңірлерінде мыңдаған студенттердің басын біріктіріп отыр.

Жиын барысында әр өңірден келген делегаттар студент жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жастардың жаңа жобалары мен тың бастамаларына қолдау көрсету, «Қамқор» акциясы аясындағы қайырымдылық шаралар жөнінде өз ойларын ортаға салды.

Слетте ұйымдастыру мәселесі қаралып, оралдық белсенді жас Мержан Әбілқас Қазақстан студенттері альянсы республикалық штабының жетекшісі болып сайланды.

Соңғы жаңалықтар