«Еліміздің шығысында қазақ халқының эпикалық шығармашылығының ұмытылмағанына тәнтімін» - академик Сейіт Қасқабасов
ЕН. Тамыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ -Өскеменде облыстық жыршылар мен жыраулар байқауы жалғасуда. Іріктеу турынан кейін конкурстың ақтық кезеңіне 10 жыршы шығып отыр. Облыстық турнирді ұйымдастырушылардың хабарлауынша, жыршылар байқауы Шығыс Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің концерт залының фойесінде Ата заңымыздың 15 жылдығына және қазақ эпосының тарихына арналған көрмелер ұйымдастырылды. Байқаудың құрметті қонақтарының қатарында - М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, академик, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Фольклорлық проза зерттеушілерінің халықаралық қоғамының мүшесі Сейіт Қасқабасов бар.
Сейіт Асқарұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында, Шығыс Қазақстан жерінде «осындай байқау өткізудің мүмкіндігі және оған ұйытқы болған азаматтардың табылып отырғанына тәнті екенін» жеткізді. «Себебі, елдің шығысында бұл жанр баяғыда жоғалып кеткен деп саналып келді, себебі кеңес жылдары бұл өңірде жыршы-жыраулардың мұндай жиыны ешқашан өткізілмеген. Сондықтан да бізге қазақ эпосының ежелгі фольклорлық дәстүрлері бұл жерде әлдеқашан ұмытылғандай болып көрінген. Енді міне бүгін осындай жыршылар байқауының өткізілуі менің жүрегіме шексіз қуаныш сыйлап отыр. Мен жыршыларды тыңдап отырып, байырғы дәстүрдің ұмыт болмағанын, оның халық жүрегінің тереңінде сақталып келіп, енді міне қанат жайып отырғанын түсіндім», - дейді ғалым.
Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануының 15 жылдығына арналып отырған конкурстың мақсаты - қазақтың ауыз әдебиетіндегі ұлттық рухани мұра болып табылатын эпостық жырлар мен халық арасында кең тараған дәстүрлі қиссаларды жатқа айту арқылы ұлтымыздың жыраулық жадын жаңғырту, ана тіліміздің байлығын, оралымдары мен бейнелі көркем тіркестерін эпостық жырлар мен қиссалардағы оқиғалық суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі арқылы ұлтымыздың бай рухани қазынасын жас ұрпақ бойына сіңіру.