Еліміздің сыртқы саясаттағы бағытын қазіргі замандағы өзгерістерге қарай сапалы бейімдеу міндеті маңызды - СІМ

АСТАНА. 27 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздің сыртқы саясаттағы бағытын қазіргі замандағы өзгерістерге қарай сапалы бейімдеу міндеті маңызды.

Еліміздің  сыртқы саясаттағы бағытын қазіргі замандағы өзгерістерге қарай сапалы бейімдеу міндеті маңызды - СІМ

Бүгін ҚР Cыртқы істер министрлігінде өткен ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы барысында сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ержан Қазыханов осылай мәлімдеді.

"Қазақстанның егемен мемлекет ретіндегі қалыптасуы, оның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы, саяси тұрақтылық пен сындарлы сыртқы саясаты елімізге қазіргі заманның толыққанды субъектісі ретінде беки түсуіне, Еуразиялық және жаһандық қауіпсіздіктегі маңызды байланыстырушы буын ретінде орнығуына септігін тигізді. Сонымен қатар. Соңғы жылдардағы ірі саяси жетістіктері Астанаға жаңа әлемдік проблемаларға араласуға, жаңа әлемдік тәртіп қалыптастыруға белсенді атсалысуға мүмкіндік беріп отыр», - деп атап өтті кездесу барысында министр.

Оның айтуынша, елдің айқындалған сыртқы саясатын жүзеге асыру барысында негізгі екпін сыртқы саясаттың көпвекторлылықтан көпдеңгейлікке және көпжоспарлылыққа ауысып отыр. «Бүгінгі күні министрліктің қызметі халықаралық аренада орын алып отырған терең тектоникалық қозғалыстар аясында жүзеге асуда. 2011 жылдың басынан бері біз барлық дерлік Таяу Шыңыс пен Солтүстік Африка елдерін жайлаған саяси, әлеуметтік-экономикалық тітіркеністердің куәсі болып отырмыз. Бұндай оқиғалар бүгінгі таңда мемлекеттің тұрақтылығына қатысты қауіп-қатерлердің жаңа түр мен жаңа ауқымға енгенін көрсетті. Халықаралық оқиғалардың алуантүрлілігі мен күрделілігі жағдайға уақытылы баға беріп, Қазақстанның мүддесі үшін теңгерімді шешім қабылдауды қажет етеді. Сондықтан да, бүгінгі күн тәртібінде еліміздің сыртқы саясаттағы бағытын қазіргі замандағы өзгерістерге қарай сапалы бейімделу міндеті тұр. Бұл ретте біздің стратегиялық басымдықтардың сақталғаны орынды», - дейді Е. Қазыханов.