Еліміздің түзету мекемелерінде де парақорлық фактілері тыйылмай отыр

АСТАНА. Наурыздың 18-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Астанада өткен брифингте Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай парақорлық фактілерінің түзету мекемелерінде де тыйылмай отырғанын айтты,

Еліміздің түзету мекемелерінде де парақорлық фактілері тыйылмай отыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, түзету мекемелеріндегі лауазымды тұлғалардың пара алу арқылы сотталғандарды мерзімінен бұрын босату мәселелерін шешетіндері, оларды басқа адамдарға жұмыс істеуге жіберетіндері, колония аумағына тыйым салынған есірткі, спирттік ішімдіктерді алып келуге рұқсат беретіндері, тіпті ақшаға үйлену тойын да өткізуге мүмкіндік жасағандықтары анықталған. «Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кентау қаласының қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басқармасының аға инспекторы сотталған адамның жазасын жеңілдетуге материалдар әзірлегені үшін ғана одан 12 мың теңге пара алған. Айыпталушы қамауға алынды», - деді М. Жұманбай. Ал Алматы облысында түзету колониясы бастығының міндетін атқарушы шаруа қожалығының басшысына сотталғандарды жұмыс істеуге бергені үшін одан 700 АҚШ долларын алған. Қазіргі кезде ол қамауда. «Ақмола облысында колония қызметкерлері сотталғандардың бірінің некесін қиюға байланысты бөгде азаматтарды түзету колониясы аумағына заңсыз кіргізуге, үйлену тойын өткізу үшін тыйым салынған спирттік ішімдіктерді әкелуге жол берген. Сонымен қатар олар өз беттерімен аталған сотталушыны колониядан тысқары шығарған. Іс бойынша тергеу жүргізілуде», деді ресми өкілі.