Еліміздің жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға шетелдік инвестициялар тартылып отыр
АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың қатысуымен еліміздің жол-көлік инфрақұрылымын дамытуды көздейтін келісімшартқа қол қою рәсімі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш құжатқа ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев, Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілділігінің директоры Стивен Вермерт пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің вице-президенті Варел Фриман қол қойды. Оған сәйкес еліміздің жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға, оның ішінде «Батыс Еуропа ? Батыс Қытай» автожолы құрылысына шетелдік инвестицияны тарту көзделіп отыр. «Жобаның жалпы құны ? 804 млрд. теңге. Оның 2 млрд. 125 млн. теңгесін Халықаралық қайта құру және даму банкі бөлетін болса, 180 млн. долларын ? Еуропалық қайта құру және даму банкі, 700 млн. долларын ? Азия даму банкі, 414 млн. долларын ? Ислам даму банкі және 100 млн. долларын Жапонияның Халықаралық ынтымақтастық агенттігі заем ретінде беріп отыр», - дейді ҚР Қаржы министрі Б.Жәмішев.Сондай-ақ Б.Жәмішев атап көрсеткендей, республикалық бюджеттен бөлініп отырған 32 млн. доллар және Еуропалық қайта құру және даму банкінің 180 млн. доллары ұзындығы 102 шақырымды құрайтын Ақтөбе ? Ресей шекарасы автожолының техникалық жағдайын көтеруге бағытталатын болады.Айта кетейік, «Батыс Еуропа ? Батыс Қытай» автожолының құрылысы 2009-2012 жылдарға жоспарланып отыр. Жолдың ұзындығы 8445 шақырым. Оның 2787 шақырымы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтеді.