Еліміздің жолдары қанды қырғын соғыстан да қауіпті болғаны ма?
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қай ғасырдың, қай заманның болмасын өзіне тән толғақты мәселесі болмай қоймайды. Арғы жағын айтпағанда жиырмасыншы ғасыр адамзат үшін халықаралық соғыстар ғасыры болды. Ол ғасырда күллі адамзат баласы осы алапаттың кесірінен қынадай қырылды. Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, оның орны біртіндеп толып келе жатқанда, жарты әлемді қанға бөктірген екінші соғыс басталып кетті. Ол бір ай немесе бір жыл емес, алты жылға созылды.
Сол күндей күркіреп өткен соғыс қаншама миллиондаған отбасын қасіретке қамап кеткенін көзіқарақты оқырман білуге тиіс. Оның зардабы да кейін аз болған жоқ. Соғыстан жараланып, мүгедек болып келгенімен қоймай, адамдар қанқұйлы соғыстың улы қаруларының кесірінен бала сүйе алмай, кейінгі өмірін бұрынғыдай жайбарақат жалғастырып кете алмай пұшайман күй кешті.
Біздің айтайын деп отырғанымыз мүлде бұл тақырып емес, сол атың өшікір соғыстай болмаса да, бүгінгі күннің елімізге алаңдаушылық әкеліп отырған тағы бір өзекті мәселесі - елімізде күн құрғатпай орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары.
Статистикалық деректерге қарағанда, жер бетіндегі ең көп тараған індеттен өлген адамдардан гөрі жол апаттарынан қаза болған немесе зардап шеккендердің саны жылдан- жылға көбейіп келеді екен.
Өткен күн өтті. Кеткен уақытты кері қайтарып әкеле алмаспыз. Оның бәрі өткен күннің еншісінде. Біздің ендігі қолымыздан келетіні бүгінгі күннің күрделі һәм күйіп тұрған мәселесімен күресе білу және одан нәтиже шығару. Ол - жол-көлік оқиғаларының жиілеуінен зор көлемде адам шығынының орын алуының азаймай тұрғаны.
Өткен жылы ҚР Ішкі істер министрлігінің Қоғамдық қабылдауларының бірінде Жол полициясы жұрттың төбесіне жай түсіргендей статистиканы жария еткен. Қазақстан жолдарында 2002-2012 жылдар аралығында жол көлік апатынан 32 мың адам көз жұмған. Енді қараңыз, тоғыз жыл бойы Ауғанстандағы оқ бораған соғыста КСРО-ның 40-шы армиясынан 15 051 сарбаз қаза тапқан екен. Сонда еліміздің жолдары сол қанды қырғын соғыстан да қауіпті болғаны ма? Бұл - қазіргі уақытта соғыс жүріп жатқан елдердің адам шығынынан да артып түсті деп дабыл қағуда осы саланы назарда ұстаған мамандар.
Жол сақшыларының пайымдауына сүйенсек, жол апаттарының санын күрт көбейтіп отырған ең үлкен үш себепті атауға болады. Сараптама қортындысы бойынша еліміздегі көлік санының күрт артуы - жол апаттарының көбеюінің бірінші себебі деген қорытындыға келіпті.
Ал, көлік апаттарының артуына екінші себеп - сапасы сын көтермейтін, ойлы-қырлы жолдар екен. Жол сапасы бойынша әлемде 117-орында тұрсақ, олай болмағанда қалай болады!?
ЖКО-ның жиілеуіне жоғарыдағы аталған екі себептен басқа, жол полицейлері көлік апаттарының жиілеуіне соқтыратын үшінші бір үлкен мәселе - адам факторы. Ереже бұзатын жүргізушілер, мас күйінде көлік айдап, жылдамдықты шамадан тыс арттыратын, жолдағы жаяу жүргінші бала ма, қарт па, оған қарамайтын «мәдениеті төмен, білімі аз» жүргізушілер жол апаттарына себепшілердің бірі болып қалып отыр.
Мысал үшін төмендегі Статистикалық агенттік таратқан мәлімет бойынша жасалған кестеге назар аударалық. Жол апатынан қазақ тапқандар мен жараланғандардың саны жағаны ұстатады. Қазақстан Республикасы 2003-10 жылдар аралығындағы ЖКО салдарынан жараланғандармен қаза болғандар.
Жылдар
2003
2004
2005
2006
2007
2008
2009
2010
ЖКО саны
14013
15302
14517
16038
15942
13739
12534
12008
Қаза тапқандар
2754
3136
3374
4271
4365
3351
2898
2797
Жараланғандар
16951
18794
17442
19389
18951
16400
14788
13878
Бұл көрсеткіштен жол-көлік оқиғаларын бүгінгі таңдағы мылтықсыз, атаусыз соғыс деуге болады. Бұл ащы болса да ақихат. Ендеше осы «соғыстың» алдын алуға күш салмауға бола ма? Әрине әркім өз басынан бастап күресуге міндетті.
Автокөліктің адамзат игілігіне жарай бастауы қоғамның алға ілгерілеу жылдамдығын өте жоғары деңгейге көтергені белгілі. Бүгінгі күнде адамдар өмірін көліксіз елестету мүлде мүмкін емес. Еліміздің экономикасының күн санап өсуіне автокөліктің тигізіп отырған әсерін бөле қарауға болмайды. Бұрынғы айшылық алыс жолдарды бүгінде осы көліктердің көмегімен ары кетсе екі, әйтпесе бір күнде жүріп өтуге болады. Ерте замандарда керуеншілердің 10 түйеге артқан жүгін бір КамАЗ-бен әкете беруге болады. Қысқасы, автокөліктердің қолданысқа енуі адамзат қоғамына ерекше серпін, оң бұрылыс әкелді. Одан көріп отырған пайдамыз шаш-етектен. Қаланың иә даланың болсын тіршілігін ешкім көліксіз елестете алмайды. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны сияқты бұл «арғымақтардың» адамдарға пайдасы қалай тисе зияны да сондай тиіп жатқандығын төмендегі мәліметтер арқылы көз жеткізуге болады.
ЖКО-ның шығыны жағынан 45 миллион көлігі бар Германияда, 45 миллион халқы бар Польша мен Украинада, тіпті бейресми есеп бойынша 145 миллион халқы бар Ресейде 4 миллион автокөлігі бар біздің шаңымызды қауып қалған. Өкінішке қарай біздің жылдық көрсеткішіміз орта есеппен 3,5 мың адам. Соңғы жарты жылда 1,2 мың адам. Бұл нені білдіреді. Тек өткен 2013 жылы 3 мыңнан астам Қазақстан азаматы жол-көлік оқиғасы салдарынан мерт болған. Бұл дегенің бүгінгі бір аудан орталығының халқы. Және ең өкініштісі, бұндай төтенше жағдайлар жыл өткен сайын жақсармақ түгілі керісінше өршіп, жағдай нашарлап барады. Көшелердегі қаптаған камералар, өсіп жатқан айыппұлдар, жол ережелерінің қатаңдауы сияқтылардың барлығы жол апатынан болатын адам шығынының санын азайтуға әкелген жоқ. Статистикалық агенттіктіктің мезгіл сайынғы мәлімдеп келе жатқан көрсеткіштері ойдан шығарылған сан емес, цифрға қарап жансыз сөйлейді. Ол өмірдің шындығы. Бұл есептің санын кемітудің жолы қандай?. Осындай адамды қорқыныш пен үрейге қамайтын сұмдық көрсеткішті аталған агенттіктің жеке өз жұмысы ретінде қарап, сондай сандарға құлағымыз үйренгені соншалық, тіпті, уақыт өткен сайын «үйреншікті жағдай ғой» деп құлаққа ілмейтін болып барамыз. Көлік болған соң жол болды, көлік пен жол болған соң оқиғаның болуы да заңды емес пе деп қарайтындаймыз.
Соңғы уақытта жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету кез келген мемлекеттің алдындағы өзекті мәселенің бірі болып отыр. Сарапшылардың қорытындысы бойынша БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы да осы саладағы жағдайды үлкен дағдарыспен сипаттаған. Мәселен, жыл сайын әлемде 1 млн.-нан астам адам жол-көлік оқиғасынан қаза болса, жарақат алып, соның салдарынан мүгедек болатындар саны 50 млн.-ның үстінде екен. Елімізге оралар болсақ, жол-көлік оқиғасының ел экономикасына тигізген шығынының өзі жалпы ішкі өнімнің 1,5 пайызын құрайды екен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан болған сұмдық көрсеткіштерді тізбелеп көрсетіп, статистикалық агенттік біреуден сүйінші сұрап сыйлық алайын демейді. Демек «неге бұлай болады?» деп ойлануымыз бек ләзім. Біз енді сонымен күресудің жолын табуға күш салуымыз керек. Оған кінәлі атқарушы билік немесе мініп жүрген астымыздағы темір тұлпар емес. Кез келген ЖКО-ның орын алуына тікелей қатысушы адамдардың өздері, яғни жүргізуші кінәлі. Көлік басқаруда ережелерге атүсті қарау, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, мас күйінде көлік тізгіндеу сияқты сан түрлі себептердің соңы қайғылы жағдайға әкеп соғуда.
Еліміздегі ЖКО-да бірінші орында тұратыны - өткелдерде жаяу жүргіншілерді қағып кетуі, көлік құралдарының өзара соқтығысуы екінші орында, көліктердің аударылуы мен жануарларды басып кету 3-4 орындарға жайғасқан. Осының ішінде еліміздегі жол апатына себептің ең көп тіркелетінің бірі
- жол қозғалысы ережелерін (ЖҚЕ) сақтамау: оның ішінде жылдамдықты арттыру.
Міне осының бәрі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын дұрыс ұйымдастыру мәселесін алға қояды. Ал жол қозғалысын ұйымдастыру - көпжақты әрі күрделі. Бұл түйткілді мәселені шешуде ғылым мен техниканың жетістіктерін толық пайдалану және заңдылық және ережелерді сақтаудың, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің маңызы орасан зор.
Қорыта келгенде жол апатының алдын алуға тек жүргізушілер ғана емес, қоғамның кез келген мүшесі атсалысуы тиіс. Оны өмірдің өзі көрсетіп отыр. Алайда ЖКО-ның болу болмауына көлік тізгіндеген адамның тікелей қатысы бар. Сондықтан оларға артылар жауапкершілік те орасан.
Сондықтан темір тұлпар тізгініне отырған әр жүргізуші жолға шыққанда «жол қателікті кешірмейді», «қауіпсіздік бірінші» деген екі сөзді әрдайым назарда ұстауы тиіс. Ең басты қағида сауатты жүргізуші, саналы жүргіншілер болғанда ғана қазақтың саны өседі. Жол апаты халқымыздың қас жауы болып отыр.
Бейсен Сұлтанұлы