Еліміз жаңа мұнай қорын іздеуге қанша қаржы жұмсап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында соңғы 5 жылда мұнай-газ саласындағы геологиялық барлау жұмыстарына жұмсалған қаржы сомасын мәлім етті.
Геологиялық барлау жұмыстары жаңа мұнай-газ қорларын анықтауға және елдің ресурстық базасын толықтыруға бағытталған.
– Қазақстанның мұнай-газ секторындағы геологиялық барлауға инвестициялар көлемі соңғы 5 жылда шамамен 600 миллиард теңгені құрады, - делінген жауапта.
Министрліктің мәліметінше, жер қойнауын пайдалануға арналған барлау келісімшарттарында жұмыстар алты жылға жоспарланады. Осы кезеңде жер қойнауын пайдаланушылар келісімшартта көзделген барлау жұмыстарын жүргізеді.
Қазір жаңа мұнай-газ қорларын іздеу терең жатқан, тұзасты және аз зерттелген аумақтарға қарай ойысып келеді. Мұндай жерлерді зерттеу күрделі әрі көп қаржыны қажет етеді.
Ведомство дерегінше, 2026–2030 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасы аясында әртүрлі зерттеу кезеңіндегі 23 жобадан тұратын портфель жасақталған. Негізгі әлеует Каспий маңы бассейнінің тұзасты қабаттарымен, терең жатқан және палеозой кешендерімен, сондай-ақ аз зерттелген аумақтармен байланысты.