Елімізде АЭС-тің болмауы - әлемдік көштен қалып жатқанымыздың белгісі – Қайрат Балабиев

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір қоғамда АЭС жайлы сан түрлі пікір қалыптасқан. Бұл ретте, Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев АЭС-ті көптеп салу мықты мемлекеттердің маңызды стратегиялық басымдықтарының біріне айналғанын алға тартып отыр.

депутат
Фото: Қайрат Балабиевтің жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, бүгінде 50 штат, 400 миллиондай халқы бар АҚШ-та 94 АЭС жұмыс істеп тұр екен. Олар 1967-1990 жылдар аралығында салынған. 2021 жылдан бері тағы екі АЭС бой көтеріп келеді.

«Бұрынғы технологиямен салынған электр станцияларының шығыны көп, шығымы аз болғандықтан, жаңа технологиямен АЭС салуға әлем бетбұрыс жасап жатыр. Дүние жүзінде 450-ге жуық АЭС бар. Ал, Қазақстанның ресурстық байлығы рекордтық көрсеткішке жетсе де, бірде-бір АЭС-тің болмауы әлемдік көштен кеш қалып жатқанымыздың белгісі. Тірлікке тиянақты мемлекеттер өз мүмкіндіктеріне қарамастан зор мүмкіндіктерге қол жеткізіп жатыр. Сондықтан да елдің экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АЭС салатын уақыт жетті», - дейді депутат.

Қайрат Балабиев АЭС жайдан жай салынбайтынын жеткізді. Яғни, мұндай жобаны жүзеге асыру еріккеннің ермегі емес. Оны қауіпсіз әрі тиімді етіп салуды талап ететін әрі бақылайтын МАГАТЭ қауіпсіздік нормалары мен өзге де техникалық жарияланымдар әзірлейтінін атап өткен жөн.

«Атом энергиясы экологиялық тазалығымен, жоғары қуаттылығымен және тиімділігі жоғары тәсілмен энергия алудың ең оңтайлы нұсқасын ұсынады. Себебі, жылу электр станцияларымен салыстырғанда атом электр стансаларының отын шығынын үнемдейді, қоршаған ортаны түтін газдары, күл немесе құрамында мұнай өнімдері бар ағынды сулар сияқты зиянды заттармен ластамайды, табиғатқа көмір сияқты кері әсер етпейді. Бұл, әсіресе, отын-энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ету проблемалары мен қазба отын өндіру құнының өсімі бар өңірлер үшін пайдалы болмақ», - деді ол.

Белгілі болғандай, қазір еліміздегі 222 электр стансасы қуаттылығы 24,6 ГВт энергия өндіреді. Ал, тұтынушылық коэффициенті 112,9 млрд кВт құрап отыр. Ал, электр станцияларының 57 пайызы тозып тұр. Келешекте энергиясына тұтынушылық сұраныс сағатына 152,4 млрд кВт қа жетпек.

«Ол кезде бізге қуаттылығы 26,5 ГВт энергия өндірісі керек болады. Бізге АЭС қазіргі және болашақ қажеттілікті қамтамасыз ету үшін қажет. Өйткені адам саны мен бизнес көбейген сайын, тұтынушылық сұраныс та арта береді. АЭС өзге көздерге қарағанда баламасы жоқ энергия өндіруші болып табылады. Алпауыт мемлекеттер АЭС-ке сүйеніп, сенім артып отыр. Себебі соңғы 50 жылда атом электр станцияларында энергия өндірудің арқасында көміртекті шығарындылар айтарлықтай азайған. АҚШ-та – 95, Франция мен Қытайда – 56, Ресейде – 36, Оңтүстік Кореяда – 26, Жапонияда – 12 АЭС жұмыс істеп тұрса, тағы алпыс АЭС салынып жатыр», - деді Қайрат Балабиев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр атом энергетикасын дамыту басты экономикалық және саяси аспектіге айналғанын айтқан еді. Жуырда АЭС құрылысы жалпыұлттық референдум арқылы шешілетін болды.

«Бұл – Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудағы ұстанымының дәлелі. МАГАТЭ Қазақстанның атом электр стансасын салуға дайындығын растады. АЭС салынса жаңа жұмыс орындары ашылады. Отандық уран қоры ел игілігіне пайдаланылады. Тұтынушылар үшін тұрақты тариф бекітуге ұзақ мерзімді мүмкіндік тудырады. АЭС салып, оның игілігін көріп жатқан елдерге қарап көз тояды. Сол сияқты еліміздің де энергетикалық еркіндікке жетуі импорттық шығынды азайтып, табысқа кенелуге жол ашады. Қазір жырақтағы жайлаудағы шаруашылықтар жеке дара жарық стансаларын орнатып жатыр. Есесіне энергия тұрғысынан кісіге кіріптарлықтан арылған. Тура сол сияқты уранға бай қазақ даласында да энергетикалық тәуелсіздік керек боп тұр. Мұны отандық және шетелдік сарапшылар да әу бастан айтып келеді», - деді Мәжіліс депутаты. 

Жер бетінде 415 ядролық реактор жұмыс істейді. Оның 74 пайызы – қысым астындағы жеңіл су реакторлары. Бұл реакторлар бірде-бір апатқа ұшырамағандықтан, сенімді энергия көзі саналады.

«Сол себепті елімізде де АЭС-тің осындай түрін салу көзделген. Көпшіліктің көкейіне күмән ұялататыны Фукусима және Чернобыльде орын алған апаттар. Ол өткен ғасыр мен өткен шақтың сынағы мен сабағы. Одан беріде ғалымдар тынбай, талмай талаптанып, тиімді әрі қауіпсіз тәсілдерін түр-түрімен тапты. Оның ең заманауи үлгісі әлгінде айтқан қысым астындағы жеңіл су реакторлары. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік қазіргі реакторлардың қауіпсіздік деңгейлерінің адам қасақана апат жасауға әрекет етсе де, қауіпсіздік жүйелері оған жол берілмейтіндей етіп жасалғанына көз жеткізген. Сондықтан да МАГАТЭ АЭС салатын елдерге рұқсат беріп және қатаң қадағалауда. Адам демекші Чернобыль мен Фукусимада адами фактордың кесірінен де апат орын алған. Ал, қазір адамның орнын автоматика басып жатқанда, заманауи технологиялар ондай қателіктерге бой алдырмайды», - деді Қайрат Балабиев.

Депутаттың пікірінше, елімізде атом энергетикасы мамандарын даярлайтын арнайы оқу орыны мен бұл іспен арнайы айналысатын құрылым, тіпті мектептерде атомдық физикаға қызықтырып қана қоймай, тереңдетіп оқытатын сыныптар ашу қажет. АЭС-терді неғұрлым тиімді әрі қауіпсіз ету талабы күшейтілген сайын, сала мамандарына үдеріссіз ізденіс пен біліктілік те талап етіледі.

«Сондықтан маман даярлау мәселесіне Қытай халқы сияқты титтейінен тәрбиелеуге көңіл бөлу қажет. Сонда Фукусимо қирап қалса да, атомдық энергетикадан бас тартпайтын жапондар сияқты сүйіспеншілік пен жауапкершілік қалыптасады. АЭС-тің экологиялық, экономикалық, технологиялық, әлеуметтік, геосаяси артықшылықтары мен мүмкіндіктері бар. Атом энергетикасының дамуы еліміздің атомдық энергетика ғылымы, техникасы мен энергетикасы саласында әлемдік ынтымақтастықта жаңа мүмкіндіктерін ашып, беделін арттыра түседі. АЭС салуға қатысты қоғам пікірі екіге жарылса да, жақсылықтан үміт үзбеу керек. Жалпыұлттық референдумда дұрыс таңдау жасап, мемлекет басшысының бастамасын қолдауға шақырамыз», - деді Мәжіліс депутаты.