Елімізде алғаш рет өсімдіктерді зиянкестен қорғайтын цифрлық жүйе енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда алғаш рет зияткерлік феромондық тұзақтар мен цифрлық болжау элементтеріне негізделген өсімдіктерді қорғау жүйесі іске қосылды.

а
Фото:АШМ

Бұл технология Алматы облысындағы «Диқан» шаруа қожалығының алма бағында енгізіліп жатыр. Жоба қытайлық серіктестермен бірлесіп, Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты тарапынан жүзеге асырылып жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, жүйе зиянкестердің пайда болуын нақты уақыт режимінде тіркеп қана қоймай, фитосанитариялық болжау жүргізуге негіз қалыптастырады. Зияткерлік тұзақтардан алынған мәліметтер автоматты түрде онлайн режимде жіберіліп, зиянкестер таралуы қарқынын бақылауға және цифрлық модельдер негізінде жағдайдың даму барысын болжауға мүмкіндік береді.

в
Фото: АШМ

Бұл фитосанитариялық тәуекелдерді басқаруда қорғаныс шараларын кейіннен қолдану тәсілінен алдын ала әрекет ету жүйесіне көшуге жағдай жасайды. Соның нәтижесінде қорғау іс-шараларын жүргізудің мерзімі мен қажеттілігі дәлірек анықталады.

Цифрлық мониторингті енгізу болжамдардың дәлдігін арттырып, өнім шығыны қаупін төмендетеді және өсімдіктерді қорғау құралдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

а
Фото: АШМ

Маңыздысы, бұл технология әмбебап шешім ретінде қарастырылып отыр. Болашақта оны тек бау-бақша шаруашылығында ғана емес, сонымен қатар егістік және техникалық дақылдарды қоса алғанда, басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарына бейімдеуге болады. Бұл Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде ауқымды цифрлық фитосанитариялық мониторинг жүйесін қалыптастырады.

в
Фото: АШМ

Егер сынақ нәтижелері сәтті болса, бұл жүйені еліміздің барлық өңіріндегі шаруашылықтарға енгізуге болады.

Ертіс орманында Қызыл кітапқа енген өсімдіктер гүлдеп жатқанын жазған едік.