Елімізде ана мен бала денсаулығын жақсарту үшін қандай жұмыс атқарылды
АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы оң өзгерістер туралы хабарлады.

Әйелдер мен жүкті әйелдерді қолдау:
- әйелдер консультацияларының жұмысы қалпына келтірілді;
- «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды: 5,1 млрд теңге жүктілікке дейінгі зерттеп-қараулардың 12 түріне бөлінді;
- шалғай аудандардан келген жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерге арналған «Салауатты Ана» пансионаттары құрылды;
- құрылған 22 Ұрықты сақтау орталығы мен бір күндік 18 клиника пренаталдық скринингпен қамтуды 8%-ға, туа біткен кемістікті анықтауды 13%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 978 жағдайда ауыр кемістігі бар балалардың туылуына жол берілмеді.
Бұл нәрестелердің кемістіктерден болатын өлімнің 15%-ға, ал бастапқы мүгедектіктің 7,5%-ға төмендеуіне ықпал етті.
Инфрақұрылымды дамыту және кадр саясаты:
- өңірлерде жүкті әйелдердің жағдайын мониторингілеу және медицина қызметкерлерін үздіксіз оқыту үшін 20 ситуациялық және оқу-тренингтік орталық ұйымдастырылды;
- 2025 жылы МСАК ұйымдарында педиатриялық бөлімшелер ашылды, 3 жасқа дейінгі балаларға арналған 100 даму және ерте араласу орталығы ұйымдастырылды: нәтижесінде үйде сәбилер өлімі 22%-ға төмендеді;
- 2024 жылы «Феталдық медицина» инновациялық технологиясы енгізілді;
- жыл сайын елімізде балаларға 2000-ға жуық ашық жүрекке операция жасалады;
- педиатрияда 19 инновациялық технологияны енгізу балалардың шетелге емделуге жіберілуін 2 есе қысқартуға мүмкіндік берді.
Қаржыландыру:
- 2024 жылғы 1 маусымнан бастап босандыру және бала күтімі қызметтеріне тарифтер ұлғайтылды;
- 20 млрд теңге медициналық ұйымдардың шығындарын жабуға, қымбат препараттарға қол жеткізуге және мамандарды ұстап қалуға бағытталды.
Айта кетейік, ана мен бала өлімі 6 есе төмендеді.