Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM — Өтіп бара жатқан апта ішінде орталық және жергілікті билікте бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Kazinform агенттігі 28 сәуір-4 мамыр аралығындағы тағайындауларға шолу ұсынады. 

Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

Апта басында Президент өкімімен Ғұмар Екпінұлы Серғазин Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары болды. 

Ғұмар Серғазин Қазақ-Америка университетінде (заңгер, 2008 жыл), ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында (Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі, 2013 жыл), Аустриядағы Ядролық құқық институтында (2015 ж.) және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік институтында (электроэнергетик, 2020ж.) білім алған.

Еңбек жолын «Астана қаласы Сарыарқа ауданы Халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы, кеңесшісі, бас инспекторы, операциялық зал бастығының орынбасары (2008-2011 жж.) болып бастаған. Кейінірек «БТА Банк» АҚ Заң департаменті Құқықтық қамтамасыз ету басқармасының Құқықтық сүйемелдеу бөлімінің заңгері, Қазақстан Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментінің Тұрғын үй қатынастары басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы (2011-2012 жж.) болған.

Сонымен бірге, ҚР Өңірлік даму министрлігі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы департаментінің Тұрғын үй қатынастары басқармасының бас сарапшысы (2013-2014 жж.); ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Ішкі әкімшілік ету басқармасының басшысы, Заң басқармасының басшысы (2014 ж.); ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Заң басқармасының басшысы (2014-2016 жж.) болып еңбек еткен.

2016-2017 жылдары Ғ. Серғазин Энергетика министрлігі Ақпараттық технологиялар және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер департаменті директорының орынбасары, 2017-2023 жылдары – Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары болды. 2023 жылдың наурыз айынан осы тағайындауға дейін ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры болып еңбек еткен.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының бұйрығымен аппарат басшысы болып Батырбек Әбділдин тағайындалды. 

Батырбек Әбділдин 1982 жылы дүниеге келген. Ол А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін және Орталық Азия университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2001 жылы шетелдік коммерциялық ұйымның өкілі ретінде бастаған. 2002-2005 жылдары — ҚР Индустрия және сауда министрлігінің «Құрылыс консалтинг» АҚ маманы, мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы, директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 2005-2009 жылдары жеке ұйымдарда басшылық қызметтерді атқарды. 2009-2011 жылдары — «Заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығы» РМК мемлекеттік сатып алу және материалдық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы, директор орынбасары болды.

Ал 2011-2015 жылдары — «Астана қаласы әкімдігінің №1 қалалық ауруханасы» МКК бас дәрігерінің орынбасары ретінде жұмыс істеді. 2015-2020 жылдары жеке секторда еңбек еткен. 2018-2019 жылдары — Қазақстанның медициналық туризм қауымдастығының атқарушы директоры.2020-2021 жылдары — ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Жобалық кеңсесінің басшысы, 2021-2024 жылдары – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аппаратының басшысы, 2024-2025 жылдары – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі болды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Руслан Серғазин болып тағайындалды. 

Руслан Амангелдіұлы Серғазин 1989 жылы 8 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылында дүниеге келген. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін 2011 жылы – «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша, 2014 жылы – «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасында қаржы-экономика бөлімінің бас маманының міндетін атқарушы ретінде бастаған.

Әр жылдары мемлекеттік басқару жүйелерінде және дене шынықтыру мен спорт саласында түрлі қызметтер атқарған: Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің құрылымында бас маман және бөлім меңгерушісі; Ұлан ауданы ауылдық округінің әкімі; Семей қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы; ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының әкімшілік және қаржылық бөлімінің басшысы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, кейіннен Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Спорт инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы болған.

Сонымен бірге Айдын Қапашев Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Айдын Боранбайұлы Қапашев 1979 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2000 жылы Қарағанды облысының мемлекеттік органдарында бастаған. Әр жылдары облыстық қаржы басқармасының маманы; экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы және бөлім басшысы; қаржы басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.

А. Қапашев Қарағанды облысы Балқаш қаласы әкімінің орынбасары қызметінде 8 жыл жұмыс істеген. 2022 жылғы қараша айынан бастап Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 

Өңірлерге ойыссақ, Абай облысы әкімі аппаратының басшысы болып Эльдар Бақпаев тағайындалды. 

Эльдар Құсманұлы Бақпаев 1986 жылы 12 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында дүниеге келген. 2009 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Журналистика» мамандығын, 2021 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің магистратурасын тәмамдаған, «Экономика ғылымдарының магистрі» академиялық дәрежесі берілген. Еңбек жолын 2009 жылы Павлодар қаласындағы «Ирбис ТВ» телекомпаниясынан бастаған.

Әр жылдары Э. Бақпаев ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің басшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінің сарапшысы, консультанты, «Хабар 24» телеарнасының директоры қызметтерін атқарды. Бұл тағайындауға дейін ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары болған. 

Атырау облысы әкімінің өкімімен мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы болып Серік Демегенов тағайындалды. 

Серік Жұмажанұлы 1981 жылы Атырау облысының Мақат ауданында дүниеге келген. 2003 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің Басқару және құқық институтын құқықтану мамандығымен бітірген.

Мемлекеттік қызмет саласындағы алғашқы жұмысын 2004 жылы Махамбет аудандық прокуратурасында бастаған. 2013-2020 жылдары Атырау облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары, 2020-2021 жылдары аталған басқармасының басшысы болып жұмыс істеген. Ал 2021-2023 жылдары Атырау облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары, 2023 жылдан осы кезге дейін Атырау қалалық қаржы бөлімінің басшысы лауазамын атқарған.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары лауазымына Бақытжан Хаберұлы Нарымбетов тағайындалды. 

Бақытжан Нарымбетов 1986 жылы дүниеге келген. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Саясаттану» мамандығы бойынша білім алған. Сондай-ақ Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқып, әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесін иеленген. Азаматтық қоғам институттарында еңбек ету тәжірибесі мол. 2007–2013 жылдары Астана және Алматы қалаларындағы әртүрлі үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеген.

Ол 2013–2018 жылдары Орал қаласы әкімі аппаратында бас инспектор және бөлім басшысы қызметтерін атқарып, қалалық ішкі саясат бөлімін басқарған. Кейін Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратында стратегиялық даму бөлімінің бас инспекторы әрі басшысы болып еңбек етті.

Сонымен қатар облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2018–2019 жылдары Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 2019–2021 жылдары Орал қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2021–2025 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Соңғы жаңалықтар